Павлодарлық филолог жаңа Ата Заңдағы тіл мәселесіне қатысты пікір айтты

Павлодарлық филолог жаңа Ата Заңдағы тіл мәселесіне қатысты пікір айтты
Фото: автор

Филология ғылымдарының кандидаты, Торайғыров университетінің профессоры Айман Зейнуллина өз сөзін нақты мысалдармен дәлелдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ғалым қоғамда бірталай пікірталас тудырып жүрген жаңа Конституцияның 7-бабындағы орыс тілінің мәртебесін мемлекеттік тілмен «тең» деген сөзден «қатар» деген сөзге ауыстыру бастамасына қатысты өз ұстанымын жеткізді. 

- Мен өзім тіл жанашыры, қазақ тілінің маманы ретінде осы дүниені әжептәуір отырып зерттедім, - дейді Айман Зейнуллина. – Төрт тілде салыстырып көрдім: қазақ, орыс ағылшын мен неміс. Бастысы мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп бекітілген. Екінші мәселе, «тең» деген сөз «қатар» деген сөзбен ауыстырылды. Көпшілік «тең» мен «қатар» бірдей емес пе деп сұрауда? Түсіндірме сөздікте «қатар» деген сөз «жанында», «қатар түзеп жүру» (идти строем), «сонымен қатар» деген мағынада түсіндіріледі.

Мысал ретінде филолог хан мен оның айналасын келтірді. Яғни, сұлтандар, уәзірлер мен сарбаздар ханмен бір қатарда тұруы мүмкін, алайда олардың қызметтері әртүрлі. 

Айман Зейнуллинаның пікірінше, қазақ тілінің мәртебесінің артуы әрбір адамның қолында. Оның қолдану аясын кеңейту, оны құрметтеу барлық ұлт пен ұлыстарды қосқанда барлық Қазақстан халқының міндеті.