Цех мақтанышы: ERG Service компаниясының үздік металлургтері марапатталды
ERG Service ЖШС-нің құю-механикалық цехында күн сайынғы адал еңбегімен өңір өнеркәсібінің дамуына үлес қосып жүрген металлургтерге құрмет көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Үздік қызметкерлерге мемлекеттік, салалық және корпоративтік наградалар табысталып, кәсіпорынның Құрмет тақтасына есімдері енгізілген еңбек озаттары да марапатталды.

Биылғы мерекенің маңызы ерекше. Құю-механикалық цехы өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтуде. Оның тарихы 1966 жылдың қысында алғашқы металл балқытылып, алғашқы құйма жасалған сәттен бастау алады. Арада ондаған жыл өтсе де, цех ERG кәсіпорындарын қажетті өніммен қамтамасыз етіп келеді. Ең басты құндылығы – өз ісіне адал еңбек адамдары.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген ERG Service Павлодар машина жасау зауытының директоры Евгений Ивченко металлургияның ел экономикасы мен өнеркәсібінің негізі екенін, ал өндіріс жетістігінің артында күн сайынғы қажырлы еңбек тұрғанын атап өтті.
– Сіздер күн сайын кәсіпорынның, өңірдің және тұтас еліміздің дамуына негіз болатын іргетасты қалайсыздар. Әрқайсыңыз үлкен өндірістік тізбектің маңызды буынысыздар. Металлургтер жаңа технологияларды енгізуге, еңбек өнімділігін арттыруға және өндірістің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге үлес қосып келеді. Бүгінде бірнеше жыл бойы дайындалған автоматтандырылған қалыптау желілерін енгізу жобасы жүзеге асу кезеңіне жетті. Бұл – сіздердің табандылықтарыңыз бен еңбектеріңіздің нәтижесі. Ең бастысы, бұл жоба еңбек жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Баршаңызға зор денсаулық, амандық және өз мамандықтарыңызға деген мақтаныш тілеймін. Өз істеріңізді сүйіңіздер, өйткені сапалы өнім дәл осындай жауапкершілік пен сүйіспеншіліктің арқасында дүниеге келеді. Мерекелеріңіз құтты болсын! – деді Евгений Ивченко.
Кәсіпорын басшысы өндірісті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және еңбек қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Салтанатты рәсімде үздік қызметкерлер «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен, Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен, сертификаттармен және «ERG Service-тің еңбек сіңірген қызметкері», «ERG жаңашылы» корпоративтік марапаттарымен наградталды. Сондай-ақ кәсіпорынның Құрмет тақтасына есімдері енгізілген қызметкерлерге ерекше құрмет көрсетілді.

Ең жоғары марапаттардың бірі – «Еңбек даңқы» І дәрежелі белгісі құю-механикалық цехтың металл құюшысы Мақсұт Қабылдиновке табысталды. Ол өндірісте 11 жылдан бері еңбек етіп келеді.
– Бұл мен үшін ерекше күн. Мұндай марапат – тек менің ғана емес, бүкіл ұжымымыздың еңбегіне берілген жоғары баға. Кез келген жетістік – командалық жұмыстың нәтижесі. Күн сайын иық тірестіріп еңбек етіп жүрген әріптестеріме алғысымды білдіремін. Осындай сәттер одан әрі жақсы жұмыс істеуге және кәсіби тұрғыдан өсуге жігер береді, – деді Мақсұт Қабылдинов.
Марапатталғандардың қатарында құю-механикалық цехтың электргаздәнекерлеушісі Сергей Зинченко да бар. Ол өндірісте 23 жылдан бері еңбек етеді және биыл алғаш рет кәсіпорынның Құрмет тақтасына енгізілді.

– Құрмет тақтасына ілінуді көптен бері армандадым. Сондықтан, бүгін ерекше мақтаныш сезімін бастан кешіріп тұрмын. Біз құю өндірісіндегі ақауларды түзетіп, дайын өнімді тапсыруға әзірлейміз. Ұжымдағы ең басты құндылық – өзара қолдау, бірлік және үлкенге құрмет, – деді Сергей Зинченко.
Бүгінде құю-механикалық цехта металл құюшылар, кран машинистері, инженер-технологтар, учаске шеберлері, электргаздәнекерлеушілер және басқа да көптеген мамандық иелері еңбек етеді. Олардың күнделікті еңбегі өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, ірі өнеркәсіптік жобалардың жүзеге асуына негіз болып отыр.


Мерекелік шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Әсем ән мен көтеріңкі көңіл-күй металлургтерге кәсіби мереке қарсаңында ерекше сый болды. Ал келесі күні олардың көбі қайтадан арнайы киімдері мен каскаларын киіп, қызған металл мен өндіріс қызған цехтарға оралады. Олар ел өнеркәсібінің дамуына өз үлестерін қоса бермек.
Серіктестік материал