Павлодарлық шахматшы әлем чемпионатында жеңіске жетті

Павлодарлық шахматшы әлем чемпионатында жеңіске жетті
Фото Pexels.com/Hasnain Ali

Павлодар облысы қазақстандық спорт тарихына тағы бір жарқын жетістікпен өз есімін жазды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық Шахмат академиясының тәрбиеленушісі Әмір Төлегенов Малайзияда өткен әлем чемпионатында рейтингі 2300-ге дейінгі шахматшылар санатында әлем чемпионы атанды.

Бұл — шын мәнінде мақтануға тұрарлық жеңіс. Оның артында талант, мінез, темірдей төзімділік, мыңдаған сағаттық жаттығу және әрбір жүрістің бағасы аса жоғары болатын сәттерде сабыр сақтай білу қабілеті тұр.

Әмір Төлегенов Павлодар шахмат мектебінің әлемдік деңгейдегі спортшыларды тәрбиелеуге қауқарлы екенін, ал жерлестеріміздің халықаралық спорт аренасының ең биік тұғырынан көріне алатынын дәлелдеді.

Әсіресе, оның жаттықтырушысы Константин Казаковқа айрықша алғыс білдіреміз. Шәкірттің әрбір үлкен жетістігінің артында ұстаздың орасан зор еңбегі тұрады. Бұл — кәсібилік, шыдамдылық, шәкіртіне деген сенім және шеберлікті шыңдауға бағытталған күнделікті тынымсыз жұмыстың нәтижесі.

14 қараша күні сағат 12:00-де Инновациялық Еуразия университетінде (ИнЕУ) жаңа әлем чемпионын салтанатты түрде ұлықтау рәсімі өтеді. Павлодарлықтар Әмір Төлегеновті айтулы жетістігімен жеке құттықтап, өңір үшін тарихи маңызы бар жеңістің қуанышын бірге бөлісе алады.