Жарық, жылу және су. Павлодар облысында тарифтер өзгере ме?

Жарық, жылу және су. Павлодар облысында тарифтер өзгере ме?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосы

Павлодар облысында ұзақмерзімді тарифтер 2021 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңге есептелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратовтың айтуынша, бекітілген тарифтердің қолданыс мерзімі биыл аяқталады.

Жаңа талаптар күшіне енгеннен кейін біз табиғи монополия субъектілерінен келіп түскен өтінімдерді қарауға кірісеміз. Қазір департаментте бірқатар кәсіпорынның материалдары қаралып жатыр, деді Нұрлан Нұрмұратов.

Қазіргі таңда мамандардың қолында келесі бес жылдық кезеңге арналған шекті тарифтерді бекіту бойынша сегіз өтінім бар.

Олардың қатарында электр энергиясы, жылу, су жеткізушілер, сондай-ақ ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар бар. Атап айтқанда, «Павлодар ЭТК» АҚ, «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ, «Павлодар жылу желілері» ЖШС, «Қазақстан Алюминийі» АҚ, «Павлодар-Водоканал» ЖШС және «Павлодар-Водоканал Северный» ЖШС тарапынан тарифтерді өзгерту бойынша өтініштер сарапталмақ.

Барлық өтінімдер бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізіледі және олардың мерзіті алдын ала жарияланады.

Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері кейбір табиғи монополия субъектілері мен қоғамдық маңызы бар нарықтарда тарифтер қайта қаралған. Бұл қызметтердің өзіндік құнына әсер еткен бірқатар факторларға байланысты.

Қосымша инвестиция тартудан бөлек, өндірістік және әкімшілік ұжымның жалақысын арттыру қажеттілігі, сондай-ақ сатып алынатын электр энергиясының құнының өсуі тарифтерді түзетуге себеп болды, деп түсіндірді департамент өкілдері.

Олардың айтуынша, төмен жалақы коммуналдық секторда білікті кадрлардың жетіспеушілігіне әкеліп соқты, бұл өз кезегінде тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасына кері әсерін тигізді.