Баянауыл ауданының дене шынықтыру мұғалімі балаларды садақ атуға қалай үйретуде?

Баянауыл ауданының дене шынықтыру мұғалімі балаларды садақ атуға қалай үйретуде?
Фото: Олжас Бейбіт

Қазіргі таңда ол 10-нан астам шәкіртті облыстық, ел деңгейіндегі жарыстарға дайындайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Зейтін Ақышев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Олжас Бейбіт – садақ ату спортын ауылда жаңғыртып, жасөспірімдерге үйретіп жүрген жанашыр ұстаз. 

Олжас Бейбіт садақ атуға 2023 жылы қызыға бастаған. Әлеуметтік желіден көргеннен кейін бұл спортқа ерекше ықылас танытып, алғашқы садақ-жебелерін Шымкент қаласынан арнайы алдырған.

– Баянауылда садақ ату спорты болған жоқ. Алғашында өзім үйрендім, кейін балаларға да қызықтыра бастадым. Біртіндеп балалардың қызығушылығы артып, тұрақты түрде айналыса бастады, – дейді ол.

Алғашқыда бірнеше ғана оқушыдан басталған жаттығулар бүгінде 10-нан аса шәкіртке ұласты. Оның ішінде қыздар саны басым.

Қазір Олжас Бейбіттің шәкірттері аудандық, облыстық жарыстарға қатысып жүр. Биыл маусым айында олар Петропавл қаласында өткен Қазақстан чемпионатына қатысып, тәжірибе жинақтады. Жүлделі орын алмаса да, алғашқы жарыстарында жақсы нәтижелер көрсеткен.

– Балалар ынталы. Облыс көлемінде жүлделі орындар алып жүрген оқушыларым бар. Шәкірттерімнің  жасы да әртүрлі: ең кішісі – төртінші сынып оқушысы, ал ең үлкені сегізінші сыныпта оқиды. Олар аптасына үш  рет жаттығады, жарыстар алдында дайындықты күшейтіп, күніне бір жарым-екі сағаттан жаттығу жасайды, – дейді ұстаз.

Садақ ату – сырт көзге жеңіл көрінгенімен, қатаң қауіпсіздік ережесін талап ететін спорт.

– Балаларға садақты өз бетінше ұстауға рұқсат бермеймін. Мен қастарында болғанда ғана жебе салып, атуға мүмкіндік беремін. Әр қимылды бақылап, бағыт-бағдар беріп тұрамын. Жебелердің ұшы жаттығуға арналған, қатты үшкір емес. Бұл – қауіпсіздікті сақтау үшін жасалған басты шарт, – дейді Олжас Бейбіт.

Жақында Баянауылдан шыққан төрт жігіт, оның ішінде Олжас Бейбіт те барып, республикалық «Ақ бидай» ауыл ойындарына қатысып қайтты. Олар садақ ату бойынша әртүрлі нысаналардан сынға түсті.

– Жарыс алдында біз өзара келісіп, әрқайсымызға бір нысана түрін бөліп алдық. Бірі қалқанға, басқасы жамбыға, тағы біреуі нысанаға дайындалды. Сол арқылы әрқайсымыз өз саламыз бойынша бақ сынадық, – деп бөлісті ұстаз.

Олжас Бейбіт садақ ату спортын дамыту – тек спорттық жетістік емес, ұлттық мұраға деген құрмет деп есептейді.

– Садақ ату ата-бабамыздан қалған дәстүр. Бұл қанымызда бар қасиет. Оған дене де, көз де, ерік-жігер де керек. Әрбір жас өз күшін сынап, қайратты болуы үшін садақ атумен шұғылданғаны дұрыс. Менің арманым – ауылда бұл спортты кеңейтіп, көп баланы тарту, – дейді ол.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде ауыл тұрғындарының арасында қызығушылық артып келеді. Кейбірі келіп, жаттығып та жүр. Алдағы уақытта мектептен тыс ересектерді де тарту жоспарда бар.

Садақ ату денсаулыққа да пайдалы. Бұл спорт көздің дәлдігін арттырады, қол мен иық бұлшықеттерін шынықтырады, зейінді күшейтеді.

– Кейбір шәкірттерімнің көру қабілеті нашар, көзілдірік тағады. Бірақ бұл садақ атуға кедергі емес. Дұрыс бағыт ұстап, жаттығуды қайталаса, бәрі үйренеді, – дейді ұстаз.

Әр сабақтың алдында балаларға иық, бел, білек бұлшықеттерін қыздыратын арнайы жаттығулар жасатады. Бұл олардың жарақат алмай, садақты дұрыс ұстауына көмектеседі.

Олжас Бейбіт – ауыл спортының дамуына қосылған үлкен үлес. Ол шәкірттеріне тек садақ ату дағдысын ғана емес, төзімділік, табандылық және ұлттық дәстүрге деген құрметті де үйретіп жүр.