Павлодарлық диқаншылар астығын тиімді бағамен сата алады
Азық-түлік келісімшарт корпорациясы шағын ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қолдау мақсатында астықты тікелей сатып алу бағдарламасын жүзеге асырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерден (АШТӨ) астықты тікелей сатып алу бағдарламасына өтінімдерді қабылдау басталды. Бұл бағдарлама шағын шаруашылықтардың өз өнімдерін әділ бағамен өткізуін қамтамасыз етуді көздейді. Оған 10 миллиард теңге қаражат бөлінді.
– Астықты сатып алу ең алдымен шағын шаруа қожалықтарының мүдделерін қорғауға бағытталған. Бағдарламаның нәтижесінде шағын және орта ауыл шаруашылығы субъектілері мемлекеттік қолдау шараларын пайдалана алады, ал артық астықты сатып алу арқылы ішкі нарықтағы бағаға делдалдардың ықпалы барынша азайтылады, – деді корпорацияның баспасөз орталығында.
Бағдарлама ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне қосымша қолдау көрсетіп, олардың өнімдерін тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы саласындағы шағын кәсіпорындар бұл қолдауды пайдаланып, өз қызметін одан әрі дамытуға қажетті жағдай жасай алады.
Тікелей сатып алу бағдарламасы бойынша алдын ала бағаларды және бағдарламаға қатысу шарттарын білу үшін сілтеме арқылы өтуге болады.