Жер байлығы: «Шығыс» разрезі кеншісінің жолы

Жер байлығы: «Шығыс» разрезі кеншісінің жолы
Фото: Наурызбек Дәкеннің жеке архивінен

30 тамызда Қазақстанда Шахтерлер күні аталып өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шахтерлер күні қарсаңында жер қойнауының байлығын игеріп, өндірістің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына үлес қосып жүрген мамандардың еңбегіне тағы бір мәрте назар аударылады. Солардың бірі — «Шығыс» разрезінің «Көмір» дивизионы бас геологы Наурызбек Дәкен. Дәкен Маратұлының туған жері — Семей. Мектепті тәмамдаған соң ол Семей геологиялық барлау колледжіне оқуға түседі. Бұл оқу орны оның кәсіби жолының бастауына айналды.

- Бұл оқу орнының тарихы мен беделі өте мықты. Қазақстанда геолог, гидрогеолог, бұрғылаушы, геофизик, эколог секілді көптеген бағыт бойынша маман даярлайтын осындай колледждің бірі де осы. Сол жерде алғашқы кәсіби білімімді алып, геология саласында еңбек еткім келетінін түсіндім, — дейді Наурызбек Дәкен.

2018 жылы колледжді аяқтаған жас маман еңбек жолын «Шығыс» разрезінде учаскелік геолог болып бастады. Өндірістің бел ортасында жүріп, тәжірибелі мамандардан үйренді, түрлі өндірістік жағдайларды бастан өткерді. Біртіндеп кәсіби білімі мен тәжірибесін шыңдап, қызметтік баспалдақпен өсті. Осыдан бір жылдай бұрын оған бас геолог қызметі сеніп тапсырылды.

Наурызбек Дәкен үшін геология — жер астындағы тау жыныстарын зерттеп, карта мен есептеулер жүргізумен ғана шектелмейтін мамандық.

- Маған жер астында не жатқанын түсіну, оның геологиялық құрылымын зерттеу әрдайым қызық болды. Уақыт өте келе геологияның бұдан әлдеқайда кең ұғым екенін түсіндім. Бұл мамандықтан ақпаратты үнемі талдап, маңызды шешімдер қабылдап, нәтижеге жауап беру талап етіледі, — дейді ол.

Оның айтуынша, бұл салада бір ғана қалыппен жұмыс істеу мүмкін емес. Әр күн жаңа міндет пен жаңа шешімді талап етеді. Сондықтан маман үнемі ізденіп, кәсіби тұрғыда дамып отыруы керек. Ал басшылық қызметке келген соң жауапкершілік жүгі де артқан.

Бұрын тек өз жұмысына жауап берген маман енді тұтас ұжымның қауіпсіздігіне алаңдайды. Өндірісте кейбір шешімдерді жылдам қабылдауға тура келгенімен, Наурызбек Дәкен үшін ең маңызды қағида өзгермейді.

- Ең бастысы — адам ауысымнан кейін үйіне аман-есен оралуы керек, — дейді бас геолог.

Бұл — тау-кен өндірісіндегі ең басты құндылықтың не екенін көрсететін қарапайым да салмақты сөз. Көмір өндірудің ар жағында заманауи техника, күрделі технология мен үлкен өндірістік көрсеткіштер тұрғанымен, оның өзегінде адам еңбегі бар. Таңмен бірге жұмысқа кірісіп, ауысым соңына дейін өз міндетін атқаратын кеншілер мен өндіріс мамандары ел экономикасына қажетті маңызды жұмысты атқарып келеді.

Наурызбек Дәкен үшін геология — жай ғана мамандық емес, жылдар өте келе өмір салтына айналған кәсіби жол. Семейдегі колледж қабырғасынан басталған бұл жол оны бүгін жер қойнауының сырын зерттеп, өндірістегі маңызды шешімдерге жауап беретін маман дәрежесіне жеткізді.

Шахтерлер күні — осындай мамандардың еңбегін бағалайтын ерекше күн. Жер қойнауының байлығын игеріп жүрген барша кенші мен тау-кен саласының мамандарына мықты денсаулық, отбасыларына амандық, жұмыстарына береке тілейміз.