Павлодар облысында қызыл паспортпен жүрген 60 шақты адам құжат алды
Құжатсыз азаматтар бұл – 1974 жылғы және 18 жастан асқан үлгідегі КСРО паспорттары бар немесе жоғалтқан, құжатты уақтылы алмаған адамдар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көші-қон қызметінің қызметкерлері жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдарды анықтауға, олардың құқықтық мәртебесін одан әрі құжаттай отырып белгілеуге бағытталған акцияны іске асыруды жалғастыруда.
– Акция басталғаннан бері облыс полицейлері құжатсыз 56 адамды анықтады. Оның ішінде тоғыз азамат құжатталды, жеті материал қаралуда, қалғандары басқа органдар мен мемлекеттердің сауалдарына жауап күтуде, – деп хабарлайды полиция департаменті көші-қон қызметі бастығының орынбасары Александр Кузьменко.
«Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро» ҚБ үкіметтік емес ұйымымен бірлесіп, ҚР азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның құжаттарын ресімдеуге көмек көрсету мақсатында реттелмеген мәртебесі бар азаматтарды қабылдау жоспарланған.
Егер құжатсыз адамдар болса, толық кеңес алу үшін тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне немесе 66-10-15 нөмірі бойынша облыстық көші-қон қызметі басқармасына жүгіне алады.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті мен БҰҰ Босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы арасындағы бірлескен іс-шаралар жоспарында ағымдағы жылдың 1 шілдесінен 31 желтоқсанына дейінгі кезеңде құжаттары жоқ және азаматтығы белгісіз адамдарды анықтауға бағытталған екінші кең ауқымды науқан жүргізу көзделген.