Ақсу қаласының тұрғындары бес мәселені қала басшысына жеткізді
Жарықтандыру, жол, су ағарлар мен қоғамдық тәртіп сөз болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
11-шағын ауданның тұрғындары көше жарығы, жолдың жай-күйі, арықтар мен қоғамдық тәртіпке қатысты ұсыныс-шағымдарын қала әкіміне айтты. Кездесу әлеуметтік желі арқылы келіп түскен өтініштерден кейін ұйымдастырылған.
Тұрғындардың сөзінше, кешкі уақытта көшелердің қараңғы болуы, әсіресе мектептен қайтатын балаларға қиындық туғызады. Бұдан бөлек, асфальт алынғаннан кейін жолдың бір бөлігіне ірі тастар төселген. Оның үстімен жүру тұрғындарға қолайсыздық келтіріп отыр.
Көктемгі қар ерігенде және жаңбыр жауған кезде су жиналатын арықтардың жайы да назардан тыс қалмады. Олардың лайға толып қалғанын айтқан тұрғындар дренаж жүйесін тазалауды, қажет болған жағдайда арнайы техникамен тереңдетуді сұрады.
Кездесу барысында қоқыс пен бейнебақылаудың жоқтығы да сөз болды. Тұрғындардың айтуынша, аумақ тазаланғанымен, келесі күні қайтадан қоқыс шашылып жатады. Сонымен қатар, бұл маңға ішімдік ішетін адамдар жиналатыны айтылып, полиция патрулін күшейту ұсынылды.
Ақсу қаласының әкімі Әнуарбек Аманов айтылған мәселелердің бірқатарын жақын уақытта шешуге уәде берді.
– Бес мәселе бойынша нақты жұмыс істейміз. Келесі аптада жарықтандыруды бастаймыз, одан кейін жолды грейдерлеу мәселесін қараймыз. Полицияға патрульдеуді күшейтуді тапсырдым. Айтқандарыңызды бақылауға аламын, өзім де келіп тексеріп тұрамын, – деді қала басшысы.
Әкімдік тұрғындар көтерген түйткілдердің шешілу барысын бақылауда ұстайтынын хабарлады.