Астаналық әртістер павлодарлық жастармен сырласты

Астаналық әртістер павлодарлық жастармен сырласты
Фото: автор

Студенттер елордалық әртістермен жүздесіп, өнердің ішкі қырларын жақыннан таныды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

С.Торайғыров атындағы университетте студенттер театр өнерінің ішкі сырымен танысып, танымал әртістермен тілдесті. Үш күнге жоспарланған гастрольдік сапар аясында Астанадан келген Жастар театрының ұжымы тек сахнада ғана өнер көрсетпей, жастармен еркін форматта кездесу өткізді. 

Іс-шара ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай басқосу жастардың рухани дамуына және өнерге деген көзқарасының қалыптасуына оң әсер етеді.

Жалпы бүгін біздің университет қабырғасында өтіп жатқан іс-шара бұл жастарды сахна өнеріне, актерлік шеберлікке сондай-ақ руханиятқа жақындату идеологиясын кеңінен тарату мақсатында өткізіліп отыр. Меніңше, театр – адам руханиятын байытып, қоғамның көзқарасын қалыптастыратын үлкен өнер ордасы. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мекеме директоры және актерлермен студенттердің кездесуін ұйымдастырдық. Бұл жастарға үлкен мотивация береді деп ойлаймыз, - деді университеттің жастар саясатының басқарма мүшесінің проректоры Индира Оралханова.

Кездесуде театр әртістері сахнадағы және кино саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, актерлік мамандықтың қыр-сыры туралы ашық әңгіме өрбітті. Әсіресе, дайындық процесі, рөлге ену, импровизация жасау секілді тақырыптар студенттердің қызығушылығын тудырды.

Актер Бақыт Хаджибаев кей жағдайларда рөлге күтпеген жерден бекітіліп, қысқа уақыт ішінде дайындалу қажеттігі туындайтынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай сәттер кәсіби шеберлікті шыңдай түседі.

Мен Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына бастапқыда оператор мамандығына тапсыруға келгенмін. Бірақ сол жерде маған актерлік бағытты таңдауға кеңес берді. Содан, осы саланы таңдадым. Кейбір кино жобаларда бір-екі күн қалғанда рөлге бекітіп жатады. Мұндайда материалды толық меңгеріп үлгермейсің, дайындықсыз баруға тура келеді. Бұл – үлкен жауапкершілік. Болашақ сахна шеберлеріне айтарым, бұл мамандықта жан-жақты болу маңызды. Яғни пластика, физикалық дайындық, түрлі қабілеттер қажет. Актер болу – жай ғана сөз айту емес, бұл өнерді жан-тәніңмен сүю, - деді ол.

Сонымен қатар, әртістер кез келген рөлге үлкен еңбек пен уақыт жұмсалатынын, ал көрерменнің ықыласы сол еңбектің ең үлкен бағасы екенін жеткізді.

Аяужан Жетес