Павлодар облысында кітап оқудың үздіктері қалай анықталады?
Қатысушылар шығарманы оқып, пікірін ортаға салады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде «Оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонына 35 мыңнан астам адам тіркелді. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер және әдебиетке қызығушылық танытқан тұрғындар бар.
Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы басшысының орынбасары Самал Саменованың айтуынша, жоба Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастамасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
– Марафон ағымдағы жылдың қыркүйек айынан басталып, келесі жылдың сәуір айына дейін жалғасады. Қатысушылар жеті бағыттың біріне қатыса алады. Олар – «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын интеллектуал», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші», «Кітап оқитын зияткер» және «Кітап оқитын әулет» бағыттары, – деді ол.
Байқауға қатысу үшін ұсынылған әдебиеттер тізімінен 15 кітап оқу қажет. Жалпы тізімге қазақ әдебиеті, әлем классикасы және заманауи әдебиетті қамтитын 330 шығарма енгізілген. Әр бағытқа арналған 15 кітаптың тізімі бөлек жасалған.
– Бүгінгі таңда облыс бойынша тіркелгендердің арасында 3,5 мыңға жуық мемлекеттік қызметші бар. «Кітап оқитын мектеп» бағыты бойынша шамамен үш мың, «Кітап оқитын педагог» бағыты бойынша үш мың, «Кітап оқитын колледж» бойынша алты мың адам тіркелді. Ал «Кітап оқитын интеллектуал» бағытына 1115 адам қатысып отыр, – деді облыстық Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Шолпан Шахметова.
Марафонға тіркелу 27 қыркүйекке дейін жалғасады. Ал 15 қыркүйектен бастап қатысушылар оқыған шығармаларына қатысты пікірлерін жібере алады.
Пікір көлемі 500-ден 5000 таңбаға дейін болуы керек. Қатысушы туындыны өз түсінігімен талдап, жеке ойын білдіреді. Жолданған материалдардың барлығы арнайы модерациядан өтеді.
Бұдан бөлек, оқылған кітап бойынша тест тапсырып, зияткерлік квиздерге қатысуға болады. Қабылданған әр пікір үшін 250 ұпай беріледі. Қосымша бейнеролик дайындағандар тағы 50 ұпай жинай алады.
Жобаға қатысу тегін. Өңірлік кезеңнің жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар табысталады. Бірінші орын иегеріне – 600 мың теңге, екінші орынға – 450 мың теңге, үшінші орынға 300 мың теңге қарастырылған. Финалистер дипломдар мен электронды сертификаттарға ие болады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мемлекеттік қызметшілер арасында да жобаға қызығушылық жоғары. Аталған санат бойынша қатысушылар саны 3500-ге жуықтаған.Павлодар облысында марафонды үйлестіру үшін облыстық Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының базасында жобалық кеңсе жұмыс істеп жатыр. Оның құрамына жоғары оқу орындарының, мектептердің, кітапханалардың және мемлекеттік органдардың өкілдері кірген.
Ұйымдастырушылар өңір тұрғындарын жобаға белсенді қатысып, кітап оқу арқылы өз білімін толықтыруға шақырады. Марафон туралы толық ақпарат пен тіркелу мүмкіндігі reading-nation.kz ресми сайтында қолжетімді.