Павлодарлық студенттерді кітапқа баулыған «Ойторап»

Павлодарлық студенттерді кітапқа баулыған «Ойторап»
ЖИ иллюстрациясы

Клуб мүшелері шығармаларды бірге оқып, жаңа қырынан танып жүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыров университетіндегі «Ойторап» оқырмандар клубы студенттер мен оқытушылардың басын бір арнаға біріктірді. 2026 жылдың көктемінде құрылған ұйымның құрамында қазір 200-ге жуық оқырман бар. Бастама кейін «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонын қолдайтын университеттік алаңға айналды. Мұнда қатысушылар шығарма оқып қана қоймай, мазмұнын бірге талдайды, квиздер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырады және оқыған кітаптары туралы пікір жазуды үйренеді.

Ойлар тоғысқан орта

Клубты құру идеясын университеттің Жастар саясаты және әлеуметтік мәселелер департаменті студенттік өзін-өзі басқару бөлімінің басшысы Нұрхан Ералы ұсынған. Бастаманы жүзеге асыруға журналистика мамандығының студенттері атсалысты. Клуб атауы да оның негізгі мақсатынан туған: «Ойторап» – кітаптан туған түрлі ой мен көзқарас тоғысатын орта.

– Алдымен университеттен кітап оқитын жастарды іздей бастадым. Кейін журналистика кафедрасының студенттерімен сөйлестік. Қазір олар кітаптарды таңдап, кездесулер өтетін орынды белгілеп, оқырмандармен тікелей жұмыс істейді. Іс-шаралар мен әлеуметтік желіге арналған контентті де студенттердің өздері дайындайды, – дейді Нұрхан Ералы.

Кездесулер бірнеше форматта ұйымдастырылады. Квиз кезінде қатысушылар шығармаға қатысты сұрақтарға жауап іздейді. Дөңгелек үстелде кітаптың мазмұны, кейіпкерлердің әрекеті мен автор көтерген мәселелер талқыланады. Кейбір кездесулерге университет оқытушылары да шақырылып, шығарманың тарихи, әдеби және қоғамдық маңызын түсіндіреді.

Нұрхан Ералының айтуынша, бір шығарманы әр адамның әртүрлі қабылдауы ортақ талқылаудың маңызын арттырады.

– Бір оқырман автордың ойын бір қырынан түсінсе, екіншісі басқа тұсына назар аударуы мүмкін. Кей адамға түсініксіз болған мәселені басқа қатысушы жақсы ашып береді. Осындай кездесулер шығарманы жан-жақты түсінуге мүмкіндік береді, – дейді ол.

Студенттің қызығушылығы қалай оянды?

Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің «Журналистика және репортер ісі» мамандығында оқитын екінші курс студенті Адель Бозжігітова клубқа республикалық марафонға қатысу үшін қосылған. Алайда алғашқы ортақ талқылау оның көзқарасын өзгертті.

– Шынымды айтсам, басында оған аса мән бермеген едім. Алайда алғашқы кездесуде кітап талқыға түскен сәттен бастап қызығушылығым арта түсті, – дейді студент.

Ол Дулат Исабековтің «Гауһартас» шығармасын аяқтап, қазір Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісін» оқып жүр. Адельге «Гауһартас» повесінде көтерілген отбасы, әйел тағдыры мен қоғамдағы жауапкершілік мәселелері ерекше әсер еткен.

– Шығарма жүрегімді елжіретіп, көзіме жас келтірді. Онда біздің қоғамда әлі де кездесетін мәселелер қозғалады. Әйелдің өзін емес, өзгені бақытты етуге асығып, құрбан болуы жаныма батты, – дейді ол.

Студенттің пікірінше, кітапты бірге талқылау кезінде әр қатысушы шығарманың жаңа қырын ашады.

– Бірнеше көзқарас айтылған жерде адамның түсінігі де кеңейеді. Бір қатысушы бір қырын ашса, екіншісі басқа тұсын қарастырады. Сондықтан мұндай талқылаулар маған ерекше әсер қалдырады, – дейді Адель.

Ол кітапты өзгелерден қалмау немесе жарыста алға шығу үшін жылдам оқуға тырыспайды. Студент үшін шығарманың санынан бұрын оны түсініп, ой елегінен өткізу маңызды.

– Жылдам оқудың жақсы жақтары бар. Бірақ соңында не оқығаныңды түсінбесең, одан пайда жоқ. Ақпаратты дұрыс қабылдап, саралап, өзіме қажетті қорытынды шығаруға тиіспін. Сондықтан кітаптарды жылдам оқу емес, мазмұнын сапалы түсіну маңызды деп есептеймін, – дейді ол.

Марафонға үш мыңнан астам адам тіркелді

Торайғыров университетінен «Кітап оқитын ұлт» марафонының «Кітап оқитын университет» бағытына 3025 адам тіркелген. 2026 жылғы 3 қарашадағы мәлімет бойынша, қатысушылардың 87-сі оқыған кітаптары туралы кемінде бір пікір жолдаған. Олардың 79-ының жұмысы модерациядан өткен.

Университет студенттері барлығы 164 пікір ұсынып, соның 141-і мақұлданған. Қатысушылардың жалпы жинаған ұпайы 40 мыңға жетті.

Марафон талабына сәйкес әр қатысушы 15 кітап оқып, олар туралы пікір жазуы қажет. Бір кітапты оқып, мазмұнды пікір жазғаны үшін 250 ұпай беріледі. Кестені сақтап, пікірді белгіленген мерзімде жариялаған қатысушыға қосымша 50 ұпай есептеледі. Әлеуметтік желіде бейнепікір жарияласа, тағы 50 ұпай алуға болады. Осылайша, бір кітап үшін ең көбі 350 ұпай жиналады.

Бейне түсіргісі келмейтін қатысушыларға мұндай міндет қойылмайды. Олар жоба сайтындағы жеке кабинетінде мәтін түрінде пікір қалдыра алады.

– Біз студенттерге пікірді қалай жазуға, бейнепікірді қалай түсіруге болатынын түсіндіреміз. Бірақ ешкімді әлеуметтік желіге шығуға мәжбүрлемейміз. Бейне түсіргісі келмейтіндер сайтта мәтін түрінде пікір жариялайды. Ең бастысы – кітапты мұқият оқып, мазмұнын түсіну, – дейді Нұрхан Ералы.

Адель Бозжігітова үшін пікір жазудағы негізгі қиындық ойды қағазға түсіру емес, оны оқырманға дұрыс жеткізу екен.

– Пікір жазу қиын емес. Оны салмақты, көркем әрі нақты деректермен жеткізе білу қиын, – дейді студент.

Қағаз, электронды және аудиокітап

«Ойторап» мүшелері кітапты өздеріне ыңғайлы форматта оқиды. Бірі қағаз нұсқасын кітапханадан алса, екіншісі электронды кітапты пайдаланады. Кейбір қатысушылар аудионұсқаны тыңдап, шығарманың желісі бойынша түсірілген фильмді қосымша көреді. Студенттер кітап алмасып, бір-біріне шығармаларды сыйға да тартады.

Адель көбіне электронды нұсқаны таңдайды немесе Павлодар облыстық кітапханасына барып оқиды.

Университеттегі Beisembayev Library директоры Гүлжан Аманованың айтуынша, кітапхана студенттерге әдебиетті еркін таңдауға мүмкіндік береді. Оқу орнының кітапханасы сағат 9:00-ден 21:00-ге дейін жұмыс істейді. Оқырмандар ашық қордағы кітаптарды өздері қарап, қажетті басылымды таңдай алады.

Кітапханада қазақ қаламгерлерінің шығармалары қойылған Kazakh Book бұрышы жұмыс істейді. Ашық қорда жүз томдық «Бабалар сөзі», Мәшһүр Жүсіптің 20 томдық шығармалар жинағы, сондай-ақ Павлодар өңірінің ақын-жазушылары мен зерттеушілеріне арналған 28 томдық «Кереку-Баян» сериясы бар.

– Студенттерге барлық жағдай жасалған. Кітаптар ашық сөреде орналасқан, ал кітапханашылар қажетті шығарманы табуға көмектеседі. Көрмелер, конференциялар мен әдеби оқулар да жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырады, – дейді Гүлжан Аманова.

Кітапхана қоры айырбас қоры арқылы, сондай-ақ түлектер мен меценаттар сыйлаған басылымдармен толықтырылады. Қорда жоқ жекелеген шығармалардың электронды нұсқасы пайдаланылады.

Марафон аяқталса да, клуб жұмысын тоқтатпайды

Республикалық марафонның келесі кезеңіне өту үшін қатысушылар тестілеу мен интеллектуалдық тапсырмалардан өтеді. Университет ішінде белсенді оқырмандарды анықтайтын іріктеу ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Өңірлік кезең жеңімпаздарына 600 мың, 450 мың және 300 мың теңге көлемінде сыйақы қарастырылған. Ал республикалық финалда «Жыл оқырманы» атанған он жеңімпаздың әрқайсысына 10 миллион теңгеден беріледі.

Жүлде үшін жарысқысы келмейтіндер марафонның Parasat арнайы бағытына қатыса алады. Бұл бағытта ақшалай сыйлық пен жүлделі орын қарастырылмаған. Оның мақсаты – кітапты өз еркімен оқып, мәдени бастаманы қолдағысы келетін азаматтарды біріктіру.

«Ойторап» клубының жұмысы республикалық марафонмен бірге аяқталмайды. Ұйымдастырушылар оның ауқымын кеңейтіп, қатысушыларды бірнеше топқа бөлуді және ай сайын кемінде бір кітап талқылауды көздеп отыр.

– Ең бастысы, біреудің қысымымен немесе кітап оқуды сәнге айналдыру үшін емес, өзің үшін оқу керек. Кітап оны түсініп, сезіне білген адамға қызық. Кітап арқылы ой-өрісің кеңейіп, айналаңа деген көзқарасың өзгереді. Әкең үшін оқы, атаң үшін оқы, өзің үшін оқы, – дейді Адель.

Клубта кітаптар қазақ және орыс тілдерінде оқылып, талқыланады. Кездесуге университет студенттерімен бірге оқытушылар мен қызметкерлер де қатыса алады. Ұйымдастырушылар «Ойтораптың» марафон кезіндегі уақытша алаң емес, университеттегі тұрақты оқырмандар қауымдастығына айналғанын қалайды.

Фотосуреттер: автор және Торайғыров университетінің «Ойторап» оқырмандар клубы