Баянауылда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мерейтойы аталып өтті

Баянауылда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мерейтойы аталып өтті
Фото: Валерий Бугаев

Мерекелік іс-шараға орай 70 кигіз үй тігілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баянауыл ауданының Торайғыр ауылында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдық мерейтойына орай дүбірлі той ұйымдастырылды. Тойды бастамас бұрын облыс әкімі, бас имам, тарихшылар мен зиялы қауым өкілдері ақынның кесенесіне барып, зиярат етті. 

Мерекелік іс-шара жаңадан өңделген С. Торайғыровтың 1933 жылғы «Толық шығармалар жинағы» мен 1971 жылы Алматы қаласында жарыққа шыққан «Избранные» кітабының тұсаукесерімен  жалғасты. 

Торайғыр көлінің маңында 70-ке жуық кигіз үй тігіліп, түрлі бұйымдардың көрмесі өткізілді. Оған былғарыдан жасалған бұйымдар, картиналар, қазақтың әшекей бұйымдары, қолдан тігілген көрпешелер мен жастықтар қойылды. 

- Киелі Ертіс-Баян өңірі -ұлы тұлғалардың қасиетті мекені. Тұла бойына дарыған, рухты алыптардың қатарында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың орны ерекше. Жерлесіміздің орасан зор еңбегін ұлықтау мақсатында өңіріміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны, облыстық кітапхана музей, көше мен елді мекен ақынның есімін алды. Ал жыл сайын өткізілетін Торайғыров оқулары ақынның қалдырған аманатын өскелең жас ұрпаққа жеткізудің бір бейнесі. Сұлтанмахмұт Торайығыровтың 130 жылдық мерейтойы құтты болсын, - деді Асайын Байханов.

 Облыстық мәдениет басқармасы ауылдың қонақтары мен тұрғындарына концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Концерте Қазақстан эстрада жұлдызы Саят Медеуов, Аллажар Қайбар, Әсел Мадекешова өнер көрсетті. 

Ұлттық спорт ойындары да назарсыз қалмады. Шара барысында қазақша күрес, бәйге ойындары, жабық көкпар, қошқар көтеру болды. Спорттық сайысқа қатысқандарға түрлі сыйлықтар берілді.

Фото: Валерий Бугаев