Екібастұзда Естайдың 155 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті

Екібастұзда Естайдың 155 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті
Фото: Валерий Бугаев

Мерекеге орай киіз үйлер тігіліп, этноауыл құрылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кеншілер шаһарында қазақ өнерінің дара тұлғасы, Павлодар облысының тумасы Естай Беркімбайұлының 155 жылдық мерейтойы думандатып аталды. Әлемге танымал болған «Құсни-Қорлан» әнінің авторы Естай Беркімбайұлының құрметіне Екібастұз қаласының 50 жылдығы атындағы көшебағында үлкен мереке ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, тұрғындарды бұл ауқымды іс-шарамен құттықтады.

–  Қасиетті қазақ жерін күмбірлі әнге бөлеген Естай атамыздың мұрасы баршаға өнеге. Естайдың әнін өскелең ұрпақ өмірлік азығына айналдырса, міне осыны ұлттық жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі деп санаймын. Бүгінгі дүбірлі іс-шара дарынды әншінің әз өнерін қазақ халқына тағы бір насихаттап,  әншінің қазақ өнерінің рухани айнасы екенін ұғынту. Қасиетті Ертіс-Баянның тумасы, рухы биік Естай Беркімбайұлының мұрасы халық жадында мәңгі қалатыны сөзсіз. Атақты атамыздың мерейтойы құтты болсын, –  деді Асайын Байханов. 

Мерекелік бағдарлама аясында тұңғыш рет Екібастұзда өткен республикалық «Естай деп атым шықты қалың елге» атты дәстүрлі әншілер байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бұл байқауға елдің түкпір-түкпірінен дарабоз әншілер бас қосты. Бас жүлде–бір миллион теңгеге павлодарлық  дәстүрлі орындаушы Дәуренбек Слямғали ие болды. Концерт барысында байқауға қатысқан әншілер домбыра тартып, ән шырқады. Ал, Естайдың «Құсни-Қорлан» әнін опера әншісі, мемлекеттік сыйлықтың иегері Шахимардан Әбілов орындады. 

 

Естайдың мерейтойына арнайы келген қонақтардың қатарында қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов,  ҚР еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев және Естайдың шөбересі Темірлан Олжабай бар. 

Тойшыл қауым үшін көшпелі өркениет әлеміне саяхатқа апара алатын этноауыл ұйымдастырылып, 16 киіз үй тігілді. Келген тұрғындар мен қонақтар қолданбалы өнер шеберлерінің жәрмеңкесі, әр түрлі көрмелерді, шығармашылық ұжымдардың  өнерін тамашалай алды. Ұлттық спортта яғни қазақ күресі, асық ату, гір көтеру, садақ ату, арқан тартуға кез келген адам қатысып,  бақ сынай алды.Барлығы тәттіден дәм татып, бауырсақтан ауыз тиді. Сондай-ақ, 500 адамға тегін палау таратылды.

 

Өнертанушы, күйші, «Мәдениеттану» мамандығы бойынша гуманитарлық ғылымдар магистрі Қайрат Айтбаевтың сөзінше, бұл- күллі түркі тілдес еліне ортақ ауқымды той. 

–  Естай– әлемдік деңгейдегі танымал ұлы тұлғалардың бірі. Ол –қазақ әнінің көкжиегін кеңейткен тұлға. Әдебиетте де, өнерде де жаңа форма әкелген. Қазіргі заманда да әндері үзілмей айтылып келе жатыр.  Бұл ұлы той, бәлкім түркі даласына ортақ той да шығар, – деп атап өтті Қайрат Айтбаев. 

 

Айта кетейік, аталмыш мереке Екібастұз қаласында тұңғыш рет өтуде. Естайдың алдыңғы 150 жылдық мерейтойы композитордың туған елінде Ақкөл ауылында тойланған болатын.

Фото: Валерий Бугаев