Павлодарда 500-ден астам оқушы жас сарбаздар сайысында сынға түсті

Байқауда облыстың 13 командасы бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақтық сап түзеу және ән байқауы орталық жағажайда өткізілді.
– Байқау үш кезеңнен тұрады. Біріншісі – команда командирлерінің саптық-теориялық деңгейін тексеру. Екіншісі – командалық әнмен жүру. Соңғысы – сап түзеп жүру. Айта кетерлік жайт, қалалар мен аудандар бөлек сынға түспек. Қазылар алқасы көбіне саптың түзу болуына, біркелкі қадам басып, ән айтуына айрықша назар аударатын болады, – дейді облыстық білім беру басқармасы аймақтық оқу-тәжірибелік дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық бөлімінің басшысы Бахтияр Түсүпов.
Бөлім басшысы бұл жолғы байқау кезінде Тереңкөл ауданынан келген қыздар командасы айрықша көзге түскенін атап өтті.
– Қыздармен жұмыс істеген әлдеқайда оңай. Себебі, айтқан тапсырманы уақытында, кешіктірмей орындайды. Қысқаша айтқанда, қыздардың жауапкершіліктері мол. Қыздар командасын алғаш рет әкеліп отырғаным жоқ. Оларды 2015 жылдан бері дайындап, осындай байқауларға әкелемін. Мүмкіндік болса, республикалық сайыстарға қатысу ойымызда бар, – дейді команда жетекшісі, Тереңкөл ауданы №3 орта мектебі әскери дайындық пәні бойынша мұғалімі Сержан Әділбаев.
Айта кету керек, байқауға 500-ден астам 10-11-сынып оқушысы қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр ауданаралық сайыста Тереңкөл ауданының қыздар командасы жеңімпаз атанған болатын.
Мақсат Көлтайұлы