Баянауыл ауданындағы жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын
Ғимараттағы екі қабаттың құрылысы бітті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Баянауыл ауданына қарасты Қаражар ауылында 100 орындық екі қабатты жаңа мектеп салынуда. Оның іргетасы биылғы жылдың сәуір айында қаланған. Облыс әкімі Асайын Байханов Баянауылға барған жұмыс сапары барысында білім ордасындағы жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.
– Мектептің екі қабатын салдық, қазір шатырын істеу ғана қалды. Әйнектердің барлығы орнатылды. Бірінші қабаттағы әйнектерге шыны салдық, енді екінші қабатқа көшеміз. Шатырды жасағаннан кейін ішкі және сыртқы жұмыстарға кірісетін боламыз, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Мереке Әбдікәрімов.
Оның сөзінше мектептің толық жабдықауымен ERG компаниясы айналысатын болады.
Сондай-ақ кездесу барысында мердігерлер облыс әкіміне мектепті қыркүйек айына дейін тапсыратынын айтқан.
Айта кетейік, Қаражарда 1958 жылы бой көтерген ескі оқу орны апатты жағдайда және заманауи талаптарға сәйкес келмеген. Оның орнына ауылда спорт залы, шағын орталығы, асханасы және санитарлық тораптары бар кең екі қабатты ғимарат салынып жатыр. Тиісті аумағы абаттандырылып, ашық спорт алаңдары орналастырылатын болады.