Миллион кімге бұйырды: павлодарлық кәсіпкер әйелдер үздік идеяларын ұсынды
Қыз–келіншектер үздік жоба атағы және бас жүлде, бір миллион теңге үшін бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Болашақтың 30 идеясы» байқауы Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының 30 жылдығына арналды. Павлодар облысы бойынша қауымдастықтың атқарушы директоры Ляна Логунованың айтуынша, стартап жобалар конкурсы үш кезең бойынша өтті.
– Байқау туралы өткен жылдың қарашасында жарияладық. Өтінім қабылдау 28 қарашада аяқталды, барлығы 75 жоба түсті. Олардың басым бөлігі павлодарлық кәсіпкер әйелдер тарапынан келді. Желтоқсанда іріктеу кезеңі өтті, кейін комиссия 30 жобаны келесі айналымға жіберді. Қаңтарда екінші тур ұйымдастырылып, сол 30 жобаның ішінен 11-і ақтық мәреге шықты, – дейді Ляна Логунова.

Байқаудың мақсаты – әйел кәсіпкерлер арасынан болашағы бар бизнес-идеяларды анықтау және оларды нақты іске асыруға мүмкіндік беру. Бұл мақсат орындалды.
Ақтық мәреде 11 қатысушы бақ сынады. Қазылар алқасы ұсынылған идеялардың деңгейін жоғары бағалап, олардың көпшілігін нақты бизнеске енгізуге болатынын атап өтті. Жеңімпаздарды таңдау оңайға түскен жоқ. Сегіз қатысушы сертификаттар мен демеушілердің сыйлықтарына ие болды.
Үшінші орынды Дарья Гернер «Отандық көркем мәдениет туралы сайт» жобасымен иеленді. Дарья 200 мың теңге көлемінде сыйақы алды. Екінші орынға қазақ тілін үйретуге арналған білім беру платформасын ұсынған Дария Тохтар лайық деп танылды. Павлодарлық кәсіпкер 300 мың теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды. Бірінші орынды Оксана Максименко «Бизнес үшін бизнес» форматындағы онлайн-портал жобасымен жеңіп алды. Кәсіпкерге бір миллион теңге бұйырды.
– Біз, әйел кәсіпкерлер үшін бұл жоба өте тартымды. Онда Қазақстандағы барлық кәсіпкерлер туралы ақпарат салалар бойынша жинақталған. Қажетті серіктестерді тез табуға мүмкіндік пайда болды, – деп атап өтті Ляна Логунова.
Бас жүлдені жеңімпаз байқау шарты бойынша жобаны дамытуға жұмсайды. Оның басты мақсаты – порталдың тегін әрі пайдалы болуын қамтамасыз ету.