Екібастұз төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы сотталды

Оның сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
31 наурызда Павлодар облысында Екібастұз қалалық соты Екібастұз қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысына, оның орынбасарына және кәсіпкерге қатысты үкім шығарды.
– Бастық пен оның орынбасары мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет көрсетуге келісімшарт жасасқаны үшін кәсіпкерлердің бірінен жалпы сомасы 7,4 миллион теңгені бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылды, – деп хабарлайды Антикорда.
Сот Екібастұз қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығын жеті жыл алты айға, қалғандарын жеті жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ олар мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордағы лауазымдарды атқару құқығынан біржола айырылады.
Сонымен қатар, кінәлілер «азаматтық қорғау полковнигі» және «азаматтық қорғаныс майоры» арнайы атақтарынан айырылды.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.