Павлодар облысында жаңа піскен көкөністердің бағасы өскен
Маусым айында әлеуметтік маңызы бар тауарлар сататын орындарда 15 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының м.а. Руслан Тілеулесов соңғы бірнеше аптада жаңа піскен көкөністер бағасының өскенін мәлім етті.
– Атап айтқанда, картоп, сәбіз, пияз және басқа да көкөністерге бағаның өсуі байқалады. Бірақ нарықта шамамен айтқанда, келісі 90 теңге тұратын былтырғы картоп және 230 теңге тұратын биылғы картоп сатылымда. Яғни, тұтынушылардың таңдауы бар, – деді Руслан Тілеулесов.
Сонымен қатар, өңірде маусым айының басында күрішке сауда үстемесі – 16,1 пайыз, тұзға – 22, картопқа – 15,7, пиязға – 18,1, күнбағыс майына – 36,5 және қантқа 20 пайызды құрап, өнімдердің бағасы көтерілген.
Айта кетерлігі, әлеуметтік маңызы бар тауарларға 19 тауар кіреді. Бұл – рожки, картоп, сәбіз, түйіршіктелген қант және тағы да басқалары. Өнімдер тұрақтандыру қорының 217 серіктес дүкені арқылы сатылады. Жыл басынан бері 900 тоннаға жуық өнім сатылды. Сонымен қатар, тұрақтандыру қорында сатуға арналған 14000 өнім бар. Мұның бәрі бағаны ұстап тұру үшін жасалған.
Тұрақтандыру қорында былтырғы егін – 100 тонна картоп, 20 тонна сәбіз бар.
Бұдан басқа, департамент азаматтардан растайтын фактілермен, яғни, чек, баға белгісінің фотосы, сауда объектісінің мекенжайы, БСН және бағанының жоғарлауына байланысты себептер бойынша өтініштер болған кезде жоспардан тыс тексерулер жүргізеді.
Осы айда департамент 15 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, нәтижесінде бағаны негізсіз көтерген кәсіпкерлік субъектілер жауапқа тартылған.