Буллингке жол жоқ: Павлодарлық жасөспірімдер психологиялық көмекті қайдан ала алады?
Оқушылар сарайында кез келген адам жүгіне алатын «Сенім Room» тегін анонимді кабинеті жұмыс істейді, деп хабарлайды@Pavlodarnews.kz.
М. М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында «Буллинг: себептері мен көмегі. Білім беру ұйымдарының зорлық-зомбылықтың алдын алудағы тәрбие жұмысын ұйымдастырудың рөлі» атты диалог алаңы өтті. Шараға кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты, полиция органдары, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар және ата-аналар қауымы өкілдері қатысты.
Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанованың айтуынша, балалардың қауіпсіздігін, оның ішінде виртуалды қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өңірдің білім беру ұйымдарында буллингке жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар кешенін айқындау қажет.
Буллинг туралы психологиялық тұрғыдан «Тәрбие алаңы» жобалық кеңсесінің психологы Ирина Карпова және кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының инспектор-психологы Светлана Шиман баяндады.
– Буллингтің алдын алуға ең бірінші көмекке келетін – бұл мектеп. Психологтың міндеті – баланы өзін қорғауға үйрету. Алайда бұл заттарды лақтырып, біреуді ұруға үйрету дегенді білдірмейді. Біз психологиялық қорғау әдістерін қолдана отырып, кімнен көмек сұрауға болатындығын түсіндіреміз, – деді психолог Валентина Бахтина. – Оқушылар сарайында кез келген адам жүгіне алатын «Сенім Room» тегін анонимді психологиялық көмек кабинеті бар екенін атап өткім келеді.
Кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрешісі Бақыт Батталова сот практикасынан алынған оқиғалармен бөлісті.
Ашық диалог арқылы ата-аналар қауымы көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Кезінде булингке ұшыраған көпбалалы ана Гүлмира Құрманғалиева балаларға бұл мәселені түсіндіру қажет екендігін айтады.
– Мен өзім сыныптастарымның арасында буллингке ұшыраған болатынмын. Бұл жағдайды қалай бастан өткізгенім туралы қазір есімде жоқ, бірақ өте қиын болды. Менің жолдасым да мектепте сыныптастары арасында осы жағдайдың құрбаны болды. Осы жағдайларды отбасымызда талқылап, балаларымызға айтамыз, – деді ата-аналар қоғамының өкілі Гүлмира Құрманғалиева.
Гүлмира мектепке жиі барып, сынып жетекшілерінен балаларының мектептегі жағдайларын біліп тұрады. Әрбір ата-ана өз баласына көмектесетін болса, онда буллинг ең төменгі деңгейде болады деп санайды.
«Сенім room» тегін және анонимді психологиялық көмек кабинеті «Тәрбие алаңы» жобалық кеңсесінің құрамында жұмыс істейді. Ол 2022 жылдың наурыз айында М. М. Катаев атындағы Оқушылар сарайының базасында ашылды. Жобаның бастамашысы облыстық білім басқармасы болды.
Ата-аналар мен балалар WhatsApp арқылы 8(777) 762-51-58 немесе @Tarbie_alany_pvl инстаграм парақшасына жазып тікелей көмек сұрай алады. Бүгінде 300-ден астам адамға көмек көрсетті. Олардың көпшілігі 14-17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Ең кішкентай қоңырау шалушы алты жасар бала болды.
Жасөспірімдер ата-аналарымен ұрысып қалған кездерде, олар өздерін таба алмаған, депрессияға ұшыраған, сабақтарды жіберіп алған, біреу қорқытқан кезде, сондай-ақ, сыныптағы қақтығыстарға шағымданады.
«Сенім room» бірнеше бағыт бойынша дамуда – «Ашық алаң» диалог алаңы, «Инабат», «Жаңа тәжірибе» адамгершілік-құқықтық ағарту алаңы және «Senim room». Жобалық кеңседе төрт психолог жұмыс істейді, олардың әрқайсысының өз бөлімі бар.
Фото: М. М. Катаев атындағы Оқушылар сарайы ұсынды