Павлодар облысында мал мен ет өнімдерін сататын орындар тексерілді

Павлодар облысында мал мен ет өнімдерін сататын орындар тексерілді
Фото: Константин Шелков

Жалпы сомасы 900 мың теңгеге айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Мал ұрысы» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасын өткізу нәтижесінде полицейлер 85 құқық бұзушылықтың жолын кесті. Тәртіп сақшылары мал мен ет өнімдерін тасымалдайтын 273 автокөлікті тексерді. Сондай-ақ мал мен ет өнімдерін сататын 94 орын, 417 шаруа қожалығы, шалғайдағы нүктелер мен фермалар назарға алынды. 

Рейдтер барысында ветеринария саласында 33 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, құқық бұзушылар мал мен ет өнімдерін тасымалдау ережелерін бұзу бойынша жауапкершілікке тартылды. Жалпы сомасы шамамен 900 мың теңгеге айыппұл салынды. 

– Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін 62  мал иесіне қатысты материалдар толтырылды. Мамандандырылған қораларға 280 бас мал қамалды, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.

Бұдан басқа, алдын алу іс-шарасын өткізу барысында полиция қызметкерлері тіркелмеген қаруды сақтаудың екі фактісін анықтады. Аталған фактілер бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалды.   

Павлодар ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері ауылдарының бірінің аумағында жоғалып кеткен жылқының жүрген жерін анықтады. Жылқы иесіне қайтарылды.