Павлодарлық жас ата-аналар ХҚКО-дан гөрі онлайн қызметті жиі таңдай бастады
Жыл басынан бері өңірде үш мыңнан астам баланың туу туралы куәлігі рәсімделді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Павлодар облысы бойынша филиалының мәліметінше, бүгінде ата-аналардың басым бөлігі баланың туу туралы куәлігін онлайн рәсімдеуді таңдауда. Павлодарлықтардың 70 пайыздан астамы бұл қызметті алу үшін электрондық сервистерді пайдаланған.
2026 жылдың алғашқы бес айында 3 186 нәрестеге туу туралы куәлік берілді, оның ішінде әр он отбасының жетеуі онлайн қызметті пайдаланған.
Электрондық формат арқылы 2 236 балаға құжат рәсімделсе, дәстүрлі тәсілмен, яғни жеке өтініш беру арқылы 950 отбасы қызмет алған. Осылайша, онлайн сервис өңірде баланың тууын тіркеудің ең сұранысқа ие құралы болып қала береді.
– Сандар көрсетіп отырғандай, цифрлық қызметтер жас ата-аналар үшін негізгі құралға сенімді түрде айналып келеді. Бұл бір реттік құбылыс емес. Бір жыл бұрын да жағдай осындай болған: берілген 8 704 туу туралы куәліктің 6 003 электрондық сервистер арқылы рәсімделсе, қызметті алу үшін 2 701 ата-ана жеке жүгінген, – деді филиалда.
Бүгінде жаңа туған нәрестенің туу туралы куәлігін ата-аналар бірнеше тәсіл арқылы ала алады: электрондық үкімет порталы арқылы, SMS-хабарлама негізіндегі проактивті қызмет көмегімен, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы, сондай-ақ ХҚКО немесе АХАТ органдарына жеке жүгіну арқылы.
Қызмет тегін көрсетіледі. Қалыпты жағдайларда құжатты алу мерзімі екі жұмыс күніне дейін созылады. Электрондық сервистерді пайдалану кезінде мәліметтердің басым бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде түседі, бұл құжаттарды рәсімдеу уақытын едәуір қысқартады.
Ағымдағы жылдың алғашқы бес айында туу туралы куәліктердің ең көп саны Павлодар қаласында берілді. Мұнда 1 320 нәрестенің ата-анасы құжат алған. Екібастұзда 707 отбасы, Ақсуда 349 отбасы.
Павлодар облысының аудандарында бүгінде 810 туу туралы куәлік берілген. Аудандар арасында абсолютті көшбасшы – Павлодар ауданы. Мұнда 391 балаға алғашқы құжат рәсімделген. Бұл өңірдің ауылдық жерлерінде берілген барлық туу туралы куәліктердің шамамен жартысына тең.