Павлодар облысының азаматтары әскери жиындарға Семейге жіберіледі
Биыл әскери міндеттемелерді орындайтын запастағы офицер мен сержанттардың саны алты есе көп, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
3-12 сәуірде Павлодар қаласында орналасқан 99225 әскери бөлімінде әскери жиындар өтеді. Облыстың 470 әскери міндетті азаматы әскери жиындарға шақырылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті жұмылдыруды жоспарлау бөлімінің бастығы Ерман Иманғалиев мәлім етті.
– Әскери жиындардан өту үшін 78 әскери міндетті шақырылады, оның ішінде бесеуі – запастағы офицер, 73-і – запастағы сержант пен сарбаз. Ал 18 шілде мен 16 тамыз аралығында Абай облысының Семей қаласында орналасқан 35411 әскери бөліміне әскери жиындарға шақыру жүзеге асырылатын болады. Олардан өту үшін Павлодар облысынан 392 әскери міндетті шақырылады, оның ішінде 51 запастағы офицер мен 341 запастағы сержант пен сарбаз, – деді Ерман Иманғалиев.
Оның сөзінше, әскери жиындардың негізі мақсаты – әскери міндеттілердің әскери білімін даярлау, практикалық дағдырлардың талап етілетін деңгейін жетілдіру.
– Былтыр әскери жиындардан 78 азамат өтті. Олар Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде өткізілген болатын. Биыл Семейге Павлодар облысының және Шығыс Қазақстан облысының әскери міндеттілері шақырылады, – деді Ерман Иманғалиев.
Спикердің сөзінше, әскери жиындарға баратын азаматтардың тізімін ҚР Қарулы күштері Бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті анықтайды. Олар әскери есеп мамандықтары бойынша сәйкес келетін әскери міндеттілердің тізімін құрастырады. Әрі қарай жергілікті департаменттер тиісті мамандықтар бойынша әскери міндеттілерді іріктеуді бастайды.