Павлодар ауданының кәсіпкерлері ауылдарда банкоматтар орнатуды сұрайды
Екі ауылда банкоматтар пайда болуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық кәсіпкерлер палатасында аудандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті. Кеңесте облыстық кәсіпкерлер палатасы Павлодар ауданы филиалының директоры Әкежан Бақытбеков және аудандық кеңестің төрағасы Жасұлан Қабылдинов ауылдарда банкоматтардың жоқтығын алға тартты.
– Бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе – Павлодар ауданының ауылдарында банкоматтар орнату. Ауылдық округтерде бизнес өкілдерімен кездесулер өткізілді. Бұл мәселені халық, кәсіпкерлер көтеріп отыр, өйткені қолма-қол ақша алу үшін қалаға үнемі бару қиын, – деп атап өтті Әкежан Бақытбеков.
Отырысқа аудандық кеңестің мүшелері, банктер, «Қазпошта» АҚ қатысты. Бейне-конференц-байланыс режимінде аудандық мәслихат депутаты Мәдина Жұмалиева сөз сөйледі.
– Мен ауылдарды араладым. Бізде ұзақ уақыт бойы пос-терминалдар болса да, банкоматтар жоқ. Бұл ретте күзет мәселесі туындайды, осы құрылғылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет болады. Депутаттық корпус екі ауылдық округте: Кемеңгер мен Чернояркада банкоматтар орнатуды ұсынады, – деді Мәдина Жұмадиева.
Оның айтуынша, осы екі елді мекенді таңдау инфрақұрылымның қарқынды дамуымен және ондағы тұрғындар санымен негізделген. Кемеңгер ауылында үлкен дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда және студенттер мен педагогикалық ұжымның көп контингенті тұрады. Сондай-ақ, республика деңгейінде жоғары бағаланатын колледж орналасқан. Чернояркада орталық жылу және сумен қамтамасыз етілген көпқабатты үйлер артқандықтан, ауыл тұрғындарының саны өсті.
– Пилоттық жоба ретінде Президенттің Жолдауы аясында банкоматтарды жабдықтауға болады. Біз қалалар мен ауылдардың тұрғындары үшін бірыңғай мүмкіндіктер жасау туралы айтып отырмыз. Кейбір ауылдарда шот толтырып, ақшаны шешіп алатын қарапайым құрылғылар да жоқ, – деп толықтырды Мәдина Жұмадиева.
Кеңесте кәсіпкерлер банкоматтар өздеріне де, қарапайым жеке тұлғаларға да қажет екенін жеткізді.
«Қазпошта» АҚ аудандық филиалының өкілі көптеген қаржылық операцияларды пошта арқылы оның карточкасын ашу арқылы жүзеге асыруға болатындығын растады. Пошта өкілдері белгілі бір ауылда банкомат орнату үшін тұрғындар банкомат арқылы айына қанша операция жасайтынын, яғни оған жұмсалған ресурстарды қаншалықты ақтайтынын саралайтын болады. Сондай-ақ, «Қазпошта» мамандары қандай-да бір оқиға орын алғанда банкоматтарды лайықты күзетпен қамтамасыз етуді талап етіп отыр.