Павлодарда еліміздің үздік бишілері шайқасады

Павлодарда еліміздің үздік бишілері шайқасады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қалада республикалық би жарысы ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

13 шілдеде Ertis Promenade басты сахнасында республикалық деңгейдегі бишілердің нағыз шайқасы өтеді. Бұл күні барша Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген бишілер өз саласында кімнің ең мықты екенін анықтайтын болады. 

Байқау екі кезеңде ұйымдастырылмақ. Бірінші іріктеу кезеңі Естай атындағы мәдениет сарайында ұйымдастырылады. Бұл кезең сағат 12:00-ден 15:00-ге дейін өтеді. Ал екінші кезең Ertis Promenade сахнасында 19:00-ден 22:00-ге дейін өтеді. 

Байқау хип-хопты жаңадан бастаушылар, хип-хоп кәсіпқойлары, «ol styles – стильдер шайқасы», үздік командалық шоуы сияқты номинациялар бойынша ұйымдастырылмақ. 

– Әділ қазылар – өз елдерін әлемдік аренада ұсынатын үздік хореографтар. Еуропа мен Америка сахналарында Қазақстанның атынан байқауларға қатысып жүрген Алмас Уромбаев пен қырғызстандық биші Бектұр Айтбеков қазылық ететін болады, – дейді мәдениет бөлімінде. 

Айта кету керек, аталмыш кеш барысында «Орда» тобының әншісі Дастан Оразбеков павлодарлықтарға ең жақсы хиттерін арнайды. Көпшілік оны «Орда» тобының әншісі ретінде біледі.