20 жылдан кейінгі жаңару: Павлодардағы «Астана» мұз сарайы жаңа техникамен толықты
Мұз құюға арналған машинаны канадалық Zamboni компаниясы шығарған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодардағы№2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Андрей Тарасовтың айтуынша, мұз айдынын күтіп ұстауға арналған техника соңғы рет 2006 жылы жаңартылған. Бұған дейін пайдаланылған машина шамамен 20 жыл бойы қызмет еткен.
– Бүгін Павлодар қаласындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің «Астана» мұз сарайына әлемге әйгілі канадалық Zamboni өндірушісінің жаңа мұз құю машинасы жеткізілді. Техника облыстық бюджет есебінен сатып алынды. Сондықтан жаңа техниканың келуі біз үшін маңызды, – деді Андрей Тарасов.
Спорт мектебінің бас инженері Максим Шингаревтің сөзінше, жаңа машина бұрынғы үлгісімен салыстырғанда бірқатар техникалық жаңашылдықтарымен ерекшеленеді. Атап айтқанда, майды салқындату жүйесі жаңартылып, Mitsubishi қозғалтқышы орнатылған. Қозғалтқыш көлемі – үш литр болса, техниканың қуаты да артқан. Сонымен қатар, машинаның биіктігі мен мұзды өңдейтін құрылғысының өлшемі үлкейтілген.
Айта кетелік, жаңа техника мұз айдынын сапалы әрі тиімді күтіп ұстауға мүмкіндік береді.
«Астана» мұз сарайы 2003 жылы ашылған. Оның сыйымдылығы 3200 орын.
Еске сала кетейік, Павлодарда жаңа мұз сарайының құрылысы қыркүйек айында басталған. Заманауи спорт нысаны «Достық» шағын ауданында бой көтеріп жатыр. Нысанды 2026–2027 жылдары іске асыру жоспарланған.