Павлодарлық судья: Ажырасқан ата-аналардың балалары өз-өзіне қол жұмсауға бейім
Көп жағдайда отбасылық-тұрмыстық қақтығыстар некені бұзуға себеп болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы ата-аналардың бірінші өңірлік форумында облыстың кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Серік Марданов мәлім етті.
– Мұндай жағдай бала тәрбиесіне нашар әсер етеді. Ата-аналар ажырасып, жаңа отбасын құрады, ал бала екеуін бірдей жақсы көреді. Он жасқа дейінгі балалардың тұрғылықты жерін, қарым-қатынас тәртібі мен уақытын анықтау үшін психолог сұрақ қояды, – деп атап өтті судья. – Олар көбінесе «анам мен әкемнің енді жанжалдаспауы үшін менің кеткенім жақсы» деп жауап береді.
Серік Мардановтың айтуынша, мектепте ұлдарды болашақта отбасын басқаратын тұлға ретінде тәрбиелеуге жеткілікті көңіл бөлінбейді. Мысалы, қыздарда «үй шаруашылығы» пәні бар, онда оларға үй шаруашылығы дағдылары үйретіледі.
– Әдетте, ата-аналар ажырасқанда балаларды анасы алады, әрине барлығы емес, бірақ әкелер шетте қалады, – деді сот төрағасы. – Сонымен қатар, балаларды тәрбиелеу мәселелері – бұл тек отбасының ғана емес, жұртшылықтың да мәселелері.
Спикер жыл басынан «Жеті жарғы» жобасы аясында балалар бейресми жағдайда психологтардан, кәсіби кәсіпкерлерден, полиция қызметкерлерінен, прокуратура мен судьялардан кеңес алғанын айтып өтті.
8 ай ішінде сотқа өткен жылдағыдай 150-ден астам ата-ана құқықтарынан айыру және 130-дан астам құқықтарды шектеу бойынша талап-арыз түскен.
Сот төрағасы мұндай жағдайдың алдын алу үшін көбірек жұмыс істеу керек екеніне сенімді. Оның ішінде қамқоршылық органдары да белсенді жұмыс атқаруы тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, Павлодарда ата-аналар альянсы құрылды. Мұндай өзін-өзі басқару органы балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласына қатысты көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Балаларының қалыпты физикалық және моральдік дамуына теріс әсер ететін 329 ата-ананың 59-ы ата-ана құқықтарынан шеттетілген, сегізі құқықтарынан айырылған, ал 213-і әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған.