Павлодарлық желтоқсаншы: «Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс»
Бейбіт Шәнім–1986 жылы алаңға бейбіт түрде шыққан ержүрек азаматтардың бірі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz облыстық «Saryarqa samaly» газетіне сілтеме жасай отырып.
Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының әртісі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Бейбіт Шәнім азаттық жолда ел үшін қамын ойлаған рухы биік студент болған. 1986 жылы ол Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы көркемсурет және театр институтында оқып жүрген.
– Желтоқсан оқиғасы менің өмірімнен бұрын тұтас қазақ халқының тағдырында үлкен із қалдырғанын тарихтың өзі дәлелдеуде. Әлі есімде, 17-сі күні таңғы сағат тоғыздың кезінде ел басқарып отырған азаматтың орнынан алынып, жат елдік азаматтың тағайындалуына байланысты біз де ойымызды айтуға алаңға жиналдық. Жиналғандардың көбі студент жастар еді. Сол күні билікке өз қарсылығын бейбіт түрде білдіруге келген жап-жас қыз-жігіттерге жасалған аяусыз қиянаттарды өз көзімізбен көрдік,– деді Бейбіт Шәнім.
Қарусыз келген жастарды әскерилер жан-жақтан қоршап, сапер күректермен жантүршігерлік соққының астына алған көріністері желтоқсаншының есінде мәңгілікке қалады.
– Бәріміз таяқ жедік. Келесі күні бізді жатақханадан шығармай қойды. Он тоғызы күні сабаққа барған жерімізден ұстап, тергеуге алып кетті. Біздің өнер институтының студенттері: Құрманғазы Айтмұрзаев, Бақтыбек Иманқожаев, Үсіпхан Сейтімбет, Аманбай Кәнетов пен тағы бірқатар жігіт желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушылар ретінде айыпталып, үстерінен іс қозғалды. Тергеу жеті айға созылды,– деді Бейбіт Шәнім.
Оның сөзінше, тергеу күні-түні жүргізілген еді.
– Ақыры жылға бергісіз жеті айға созылған айыптаулардың соңғы нүктесі қойылып, бес жігіттің соты болды. Үкім шығарылғаннан кейін бізді қуғындау тоқтатылды,– деп атап өтті ол.
Бейбіт Шәнім еліміздің тәуелсіздік алғаны 1991 жыл болғанымен, бастамасы сол 1986 жылдың 17 желтоқсанында Алматыдағы алаңға жиналған жастардың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігінен басталды деген пікірде.
– Енді тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, елімізді биік белес-терге жетелеу бүгінгі жастардың жауапкершілігінде. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау – біздің басты мұратымыз,– деді желтоқсаншы.
Ол Қазақстанның бірлігі бекем, тәуелсіздіктің тұғыры әрқашан биік болсын деп тілейді.