Павлодар облысына алты мыңнан астам Жаңа жылдық шырша әкелінді
Тұрғындар қарағай, шырша, балқарағай табиғи ағаштарын сатып ала алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас мамандары қоғамдық кеңесінің өкілі Марина Регатуновамен бірлесіп рейд өткізді. Олар қылқан жапырақты ағаштардың жас өскіндерін қорғау шараларын күшейту аясында қаладағы 15 сауда орнын тексерді. Жалпы алты кәсіпкер шыршаларды Ресей Федерациясының аумағынан алып келді. Кәсіпкерлерде инспекцияда тіркелген және тауардың шығу тегін растайтын құжаттар бар. Құжаттарға сәйкес, шыршалар орман тәлімбақтарында арнайы Жаңа жыл мерекесі үшін өсірілген. Бір кәсіпкер жергілікті бизнес өкілі. Ол шыршаларды Жетекші ауылында орналасқан жеке орман питомнигінде өсірген.
Облысқа 6050 қарағай, 200 шырша және 150 балқарағай әкелінген.
Еске сала кетейік, табиғи шыршалардың бағасы 5 мың теңгеден басталады. Олардың биіктігі – 150-170 сантиметр.