Павлодарда арнайы жер комиссиясы екі фермерді жосықсыз деп таныды

Павлодарда арнайы жер комиссиясы екі фермерді жосықсыз деп таныды
Фото: Константин Шелков

Павлодар облысында ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану құқығын ұзарту мәселелерін қарайтын арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облысында ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен қайта өңдеушілердің жер пайдалану құқығын ұзарту мәселелерін қарастыратын арнайы комиссия жұмысын жалғастыруда. Комиссия облыс әкімінің 2025 жылы құрылған.

Павлодар облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитовтің айтуынша, комиссияның басты мақсаты – жер пайдаланушылардың адалдығын анықтау және ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану саласында әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету.

- Арнайы комиссияның негізгі міндеті – жер пайдаланушылардың адалдығын бағалау. Біз жердің нысаналы мақсатының сақталуын, салық және жалдау төлемдері бойынша берешектің болмауын, инвестициялар тарту мен ауылдық аумақтарды дамытуға қосқан үлесін ескереміз, – деді Мұрат Хамитов.

Бағалау жүйесі міндетті және көмекші критерийлерге негізделген. Міндетті талап – жер учаскесінің нысаналы мақсатын сақтау. Ал қосымша критерийлер қатарында салықтар бойынша берешектің болмауы, тұрақты жұмыс орындарын құру, ауыл шаруашылығына инвестиция салу, мал басының болуы, агротехнологияларды қолдану және әлеуметтік жобаларға қатысу сияқты көрсеткіштер бар.

Комиссия құрамына облыс прокуратурасы, жер ресурстарын басқару департаменті, әділет және мемлекеттік кірістер органдары, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармалары, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер Палатасы мен фермерлер қауымдастығының өкілдері енген.

Бүгінгі күні комиссия қарауына Павлодар облысының Жер ресурстарын басқару департаменті 134 материал жолдаған.

- 2025 жылы арнайы комиссия төрт отырыс өткізіп, 13 материалды қарады. Оның ішінде 11 жер пайдаланушы адал деп танылды, ал екі жағдайда заң бұзушылықтар анықталып, олар жосықсыз жер пайдаланушылар ретінде бағаланды, – деді Мұрат Хамитов.

Екі фермердің де жер телімдері Ақсу ауылдық аумағында орналасып, әрбіреуі шамамен мың гектар көлемінде болды. Жосықсыз деп танылған жер пайдаланушылардың материалдары заңсыз қабылданған шешімдерді жою және кейінгі мәмілелерді тоқтату үшін Жер ресурстарын басқару департаментіне жіберілген. Ал адал деп танылған шаруашылықтар бойынша материалдар уәкілетті органға беріліп, олардың қызметіне жыл сайын мониторинг жүргізіледі.

Комиссия ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді әрі заңды пайдалану мәселелерінде әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін жұмысын жалғастырады.