Оттегі коктейлі, құрт жаю: Павлодарлық оқушылар жазғы лагерьде қалай демалуда?
«Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында жазда 900-ге жуық бала демалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
1 маусымнан бастап жалпы саны 406 баланы қамтитын үш ауысым өткізілді. Жалпы жеті ауысымда 886 баланы қамту жоспарланған. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 24 тегін жолдама, әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан оқушыларға жеңілдікпен 63 жолдама, белсенді, қоғамдық қызметте және оқуда табысқа жеткен балаларға 72 тегін жолдама берілді.
– 247 жолдама ата-аналардың қаражаты есебінен сатып алынды. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға ерекше назар аударылады. Жетім балалар, қамқоршылары бар отбасыларда тұратын, яғни ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың балалары жергілікті бюджет қаражаты есебінен демалып, сауығып кетеді. Мұндай балалардың жалпы саны 3370 оқушыны құрайды, – деді қалалық білім бөлімінің бас маманы Ернар Садуов.
«Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында демалу ақылы негізде 10 күнге 25 мың теңгені құрайды. Қазіргі күнде үшінші ауысымға 127 оқушы келген. Орталыққа көбінесе қалалық мектептерден балалар келіп, демалады. Таза ауада палау, бауырсақ пісіруді, құрт жаюды, жүн түтіп, ұршық иіруді үйренуде. Сондай-ақ кітап оқып, алғашқы медициналық көмек көрсету әдістерін меңгереді.
– Балаларға күніне бес рет, технологиялық карталар бойынша дайындалған тамақ беріледі. Яғни, тек пайдалы тағамдар. Балалар өте жақсы көретін картоп фри, фаст-фудтар берілмейді. Аллергиясы бар балаларға да баса назар аударып, керек болған жағдайда тамағын басқа тағамға ауыстырып береміз. Сондай-ақ, балалар күнде оттегі коктейлін ішеді. Бір оттегі коктейлінің пайдасы қарағай орманында үш сағаттық серуенге тең, – деді орталық басшысының м.а. Маржан Қасенуалиева.
Орталық аймағында төрт корпус орналасқан. Әр корпуста 46-50 орын бар.
Аталмыш оқу-сауықтыру орталығы пайдалануға берілген сәттен бастап күрделі жөндеуден өтпеген. Ғимарат 1988 салынған. Аумақ таза болғанымен, корпустар мен коммуникациялар ескірген, жатын бөлмелерде есіктер жоқ, оның орнына перделер ілінген.
Биыл жылыту жүйесін, электр сымдарын жаңартып, пластикалық терезелер мен қосымша бейнебақылау камераларын орнату жоспарлануда.
Сонымен қатар, сигнал болмағандықтан мобильді интернет жұмыс істемейді. Wi-Fi-ға қосылу арқылы балаларға күніне бір рет бір сағатқа телефон беріледі.
– Балалар жақындарымен күніне бір рет байланысқа шығады. Ата-аналар балалардың телефондарынан үзіліс алғанын көбінесе құптайды. Оқушылар демалуға келгенде біз ата-аналармен WhatsApp желісінде топ құрып, тәрбиешілер олармен байланыста болады. Телефонсыз-ақ түрлі бос уақытты қамтитын шаралар ұйымдастырылады, – деді спикер.
Еске сала кетейік, 1-10-сыныптар аралығында 48 мыңнан астам оқушыны жазғы демалыспен және жұмыспен қамту жоспарланған. 31 мектепте әрқайсысы 15 күнге созылатын екі маусымда күндізгі лагерьлер ашылды. Мектеп жанындағы лагерьлердің бірінші маусымы 3-21 маусым аралығында өтті, екінші маусымы 24 маусым мен 12 шілде аралығында өткізіледі.