Суару маусымына дайындық: Павлодар облысындағы каналдар тазартылады

Суару маусымына дайындық: Павлодар облысындағы каналдар тазартылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация Министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанда суару маусымына дайындық аясында 526 шақырымнан астам ирригациялық канал механикалық тазалаудан өтті. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов вегетация кезеңіне дайындық барысын арнайы кеңесте талқылады.

Қазіргі уақытта негізгі жұмыстар еліміздің оңтүстік өңірлерінде қарқынды жүріп жатыр. Атап айтқанда, Түркістан, Қызылорда, Жетісу және Жамбыл облыстарындағы каналдардың едәуір бөлігі тазартылды.

Биыл «Қазсушар» РМК жоспары бойынша барлығы 2211,8 шақырым каналды тазарту көзделген. Бұл жұмыстар Павлодар облысындағы филиалдарды, сондай-ақ Қ. Сәтбаев атындағы стратегиялық маңызы бар каналды да қамтиды. Соңғы екі жарым жыл ішінде республика бойынша 3,5 мың шақырымнан астам канал ретке келтірілді.

«Қазсушар» РМК бас директорының міндетін атқарушы Ануар Өскенбаевтың айтуынша, арнайы техника паркін жаңарту жұмыстарды жеделдетуге мүмкіндік берді. Қазіргі таңда нысандарда 160-тан астам экскаватор, бульдозер және тиегіш техника жұмыс істеп жатыр.

Бұл шаралар каналдардың су өткізу қуатын арттырып, шаруа қожалықтары мен суармалы жерлерге суды кедергісіз жеткізуге жағдай жасайды. Мамандар суару маусымы басталғанға дейін жоспарланған барлық учаскені толық аяқтауды көздеп отыр.