Павлодарда «Қазақстан алюминийі» ЖЭО-да экологиялық бұзушылықтар анықталды

Павлодарда «Қазақстан алюминийі» ЖЭО-да экологиялық бұзушылықтар анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тексеру нәтижесінде кәсіпорынға айыппұл салынып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық экология департаменті 2026 жылға арналған тексерулер кестесіне сәйкес «Қазақстан алюминийі» АҚ жылу электр орталығында тексеру жүргізді.

Тексеру барысында бірқатар экологиялық талаптардың бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, көмірді тасымалдау және көмір қоймасын қалыптастыру кезінде шаң түзілу көзіне экологиялық рұқсат болмаған. Сонымен қатар отын беру конвейерінің ЛК-4А көзінде бейорганикалық шаң шығарындыларының рұқсат етілген нормадан асқаны белгілі болды, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ газ тазарту қондырғыларының паспорттарын жүргізуде кемшіліктер анықталған. Онда газдың ылғалдылығы, суару сұйықтығының шығыны және су қысымы туралы деректер көрсетілмеген.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, 3 814 974 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Экология департаменті қоршаған ортаны қорғау және экологиялық заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастырып жатқанын хабарлады.