Павлодарлықтар шыршаларды кескені үшін Hyundai Elantra көлігінің құнын төлейді
Немесе қылмыскер 5-10 жылға қамауға алынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қылқан жапырақты жас ағаштарды заңсыз кесуден қорғау мақсатында ағымдағы жылдың қараша айында ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығы шықты. Құжатта биылғы жаңа жыл кезеңінде қылқан жапырақты ағаштарды қорғау шараларын күшейту қарастырылған.
Павлодар орман шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, 1 желтоқсаннан бастап облыста қырық мобильді топ жұмысын бастайды. Олар орман алқаптарын аралап, сауда орындарын бақылайды, табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын қатаң қадағалайды.
Заң бойынша сауда орындарынан заңсыз кесілген шыршалар тәркіленеді. Сонымен қатар, қылмыс жасау үшін пайдаланылған құралдар мен көліктер де тәркіленеді. Ал ұйымның өзіне салынатын айыппұл көлемі 196 600 теңгеден 5 898 000 теңгеге дейін болады. Ал әрбір кесілген ағаш үшін 58 980 теңге көлемінде өтемақы төлеуге тура келеді.
– Құқық бұзушыға 629 120 теңгеден 11 796 000 теңгеге дейін айыппұл салынады. Немесе ол түзеу жұмыстарына, қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе бес жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ағаштар, көліктер мен қылмыс құралдары да тәркіленуге жатады. Әрбір шырша үшін 15 АЕК көлемінде өтемақы төлейтін болады, – деді инспекцияда.
Естеріңізге сала кетейік, «Ертіс орманы» қорығында браконьерлікке байланысты ағаштарды кесуге бес жылға тыйым салынған болатын.