Тең мүмкіндік пен достық алаңы: Павлодарда инклюзивті бочча турнирі өтті
Мектеп оқушылары арасында паралимпиадалық спорт түрінен ұйымдастырылған бұл ерекше жарыс №2 орта мектеп базасында өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық бочча федерациясының жетекшісі Адия Масалимованың айтуынша, турнирдің басты мақсаты – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қоғамға бейімдеу, оларды құрдастарымен бірге ортаға тарту және мектептерде инклюзивті мәдениетті қалыптастыру.
Бочча – дәлдік пен тактиканы талап ететін, мүмкіндігі шектеулі және дені сау балаларды бір алаңда тоғыстыратын паралимпиадалық спорт түрі. Бұл ойын физикалық күштен гөрі ойлау қабілетіне, зейін мен стратегияға негізделген. Сондықтан ол әртүрлі диагнозы бар балаларға өз мүмкіндігін көрсетуге жол ашады.
Турнирге қаладағы бес мектеп қатысты: №2, №3, №6, №11 орта мектептері және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп. Жарыс жолдастық форматта өтті, яғни бұл – бір реттік, іріктеу кезеңдерінсіз ұйымдастырылған кездесу. Әр команда құрамында ерекше білім беру қажеттілігі бар бір оқушы және оның екі сыныптасы өнер көрсетті. Мұндай тәсіл балалар арасындағы шекараны жойып, өзара түсіністік пен қолдауды нығайтуға бағытталған.

Қатысушылар – 1-8-сынып оқушылары. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай аралас формат оқушылардың бір-бірін қабылдау мәдениетін арттырады.
– Бұл турнир – жай ғана жарыс емес. Бұл – достықтың, тең мүмкіндіктің, ерік-жігер мен өзара қолдаудың мерекесі. Біз балаларды «ерекше» және «қалыпты» деп бөлмей, бір командаға біріктіруді мақсат еттік. Бүгінгі ойындар олардың бір-бірін қолдап, шынайы команда бола алғанын көрсетті, – дейді Адия Масалимова.
Ұйымдастырушылардың шешімі бойынша, ешбір команда назардан тыс қалмайды – барлық қатысушылар марапатқа ие болды.
Облыстық білім беру басқармасының аймақтық оқу-тәжірибелік дене тәрбиесі орталығының басшысы Бахтияр Түсіповтің айтуынша, бүгінде бочча спорты Павлодар облысында қарқынды дамып келеді. Қала мектептерімен қатар, Ақсу, Екібастұз қалаларында және Павлодар ауданындағы Розовка, Ефремовка ауылдарында үйірмелер жұмыс істейді. Биыл қаңтар айынан бастап Баянауыл ауданының Майқайың кентінде де жаңа секциялар ашыла бастады. Қазіргі таңда облыс бойынша 50-ден астам бочча үйірмесі бар, олардың саны жыл сайын артып келеді.
– Үйірмелерді дамыту мақсатында дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне арналған облыстық семинарлар ұйымдастырылған. Онда бочча ойынының ережелері, тактикалық ерекшеліктері және қажетті құрал-жабдықтарды пайдалану жолдары түсіндірілген, – деді Бахтияр Түсіпов. – Бочча ойынының басты мақсаты – ерекше қабілеттілігі бар балаларды әлеуметтендіру. Бүгінде олар үйде оқымай, жалпы білім беретін мектептерде білім алуда. Сондықтан біз олардың ортаға бейімделуіне, достық қарым-қатынас орнатуына жағдай жасауымыз керек. Осындай жарыстар арқылы балалар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінеді.
Айта кету керек, арнайы бочча доптарының бір жиынтығы 500-800 мың теңге шамасында тұрады. Сондықтан кейбір мектептер құрал-жабдықтарды өздері дайындап, ал кейбірі федерация филиалдарын ашу арқылы қолдау табуда.
Сонымен қатар, өңірде жыл сайын «Тең мүмкіндіктер» фестивалі өткізіледі. Бұл шараға да ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар белсенді қатысып, республикалық деңгейде өнер көрсетуде. Өткен жылы павлодарлық оқушылар жүлделі орындарға ие болып, өңір намысын абыроймен қорғады.
Алдағы уақытта да облыс спортшылары республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысуды жоспарлап отыр. Наурыз айында Астана қаласында өтетін республикалық турнирге қатысу көзделген. Сондай-ақ сәуір айында павлодарлық спортшы халықаралық турнирде ел намысын қорғайды. Тамыз айында Павлодар қаласында барлық облыстар қатысатын ірі республикалық турнир өткізу жоспарланған.