Видеоға түсіріп тұрды: Павлодарлықтарға мұз астына кеткен адамды құтқару жолы түсіндірілді

Видеоға түсіріп тұрды: Павлодарлықтарға мұз астына кеткен адамды құтқару жолы түсіндірілді
Фото: Константин Шелков

Шомылу маусымында құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс атқарады. Десе де, қыс мезгілінде адамдарға қауіп төнетін жағдайлар көп кездеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференцияда жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Серік Шериязданов мәлім етті. 

–  Сүңгуірлер қыс кезінде жұмыс істемейді деп жататындар бар. Алайда, бұл мүлдем олай емес, біз жыл бойы жұмыс істейміз. Жаз кезінде суға басым назар аударылады, – деді Серік Шериязданов.

Құтқару құрылымының басшысы Игорь Кулешовтың сөзінше, шомылу маусымында көбінесе тұрғындар мас күйінде суға түсіп, батып кетеді. Ал балалар ата-анасының қарауынсыз шомылып, арты қайғылы аяқталады. Ал қыста мұз жарылып, адамдар су астына кететін жағдайлар көп емес. 

–  2018 жылы Ақсу қаласында мұздың үстінде тұрған ер адам бір сәтте құлап, суда бата бастады. Жақын маңайда тұрған адамдар көмек көрсетудің орнына он минуттай жай ғана қарап, «құтқарушылар қайда?» деген сөздермен видеоға түсіріп тұрды. Ал ол жерде орман болған еді. Егер де біреу ағашты алып, қол ұшын берсе, ол аман қалушы еді. Ол жерге құтқарушыларға жету үшін кем дегенде 25 минут керек болатын, – деп еске алды Игорь Кулешов.

Павлодарлықтарға мұз үстінде батып бара жатқан адамды көрген жағдайда бірден «112»-ге хабарласып, нақты жер мен аймақты айту керектігін ескертеді. 

–  Ешқандай жағдайда мұз үстімен аяқпен басып, өтпеу қажет. Тек қана жатып, денемен жорғалап жету ұсынылады. Жарылған мұзға жақын бару өте қауіпті, сондықтан батып бара жатқан адамға ағаш немесе киімді бір жарым метр қашықтықта лақтырып, беру керек, – деді Серік Шериязданов.

Оның сөзінше, көктем кезінде мұздың қалыңдығы өте жұқа болады. Сондықтан балықшылар балық аулау кезінде сақ болып, қауіпсіздік ережелерін қадағалуы тиіс. Мұздың реңкіне де қарап, қалыңдығын анықтауға болады. Бозғылт мұз – өте қауіпті, сынғыш болып келеді. Ал көктем кезінде мұз ылғалды сіңіріп, 60-70 сантиметр қалыңдықтың өзінде де жұқа болып саналады.