Павлодарлық бишілер Италиядан жеңіспен оралды
«Блэйз» эстрадалық студиясы Х «GRAND FESTIVAL» Халықаралық байқауына қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
GRAND FESTIVAL – жыл сайын Италияның Пезаро қаласында қалалық әкімдікпен және мәдениет басқармасының өкілдігімен бірлесіп өткізілетін ірі халықаралық жоба.
– Көп жанрлы байқау балаларға вокал, хореография, театр және цирк өнері сияқты номинацияларда дарындылық танытуға мүмкіндік береді. Нағыз итальяндық курортта, ортағасырлық «Costanza» бекінісінде өтіп жатқан фестиваль жобасы бес жыл қатарынан бүкіл Еуропадан ең талантты және ынталы әртістерді жинады. Пезаро – Адриатикадағы фестиваль алаңының таңғажайып бұрышы, – деді «Блэйз» ұжымының жетекшісі Любовь Корнюхина.
М. Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайының үлгілі би ұжымы халықтық стильдендірілген хореография, қазіргі және эстрадалық хореография номинацияларына қатысты.
Қазылар алқасының шешімімен эстрадалық би студиясы «Қазақ стиліндегі би» номинациясында «Кербез» және «Қамажай» биі бойынша, «Шарын каньоны» биі бойынша бірінші орынға ие болды. Жеке би орындаған Анастасия Ильченко мен Әдия Дәулет үздік атанып, бірінші орынды қанжығаларына байлады.