Павлодарда кәсіпкерден 20 миллион теңгеге жуық берешек өндірілді
Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізбеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, екі тарап арасында қарақұмық, бидай, арпа және тары жеткізу туралы келісімшарт жасалған. Сатып алушы өз тарапынан міндеттемесін толық орындап, 16 миллион теңгеден астам алдын ала төлем жасаған. Алайда тауарды жеткізуі тиіс кәсіпкер белгіленген мерзімде өнімді бермеген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюшының арызын қанағаттандырып, ақшаны қайтару туралы шешім шығарған болатын. Жауапкер бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Ол өз уәжінде заңнама нормаларының бұзылғанын алға тартты.
Облыстық сот алқасы істі қайта қарап, Азаматтық кодекстің талаптарына сүйенді. Заң бойынша міндеттеме тиісінше орындалуы керек және одан біржақты бас тартуға жол берілмейді. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші келісілген мерзімде тауарды сатып алушыға беруге міндетті.
Сот алқасы жауапкердің өз міндетін орындамағаны және тауарды жеткізгені туралы ешқандай дәлел ұсынбағаны туралы қорытындыға келді. Берешектің бар екені іс материалдарымен толық расталды.
Нәтижесінде бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылып, апелляциялық шағым қанағаттандырылмады.
Қаулы заңды күшіне енді.