Қазақстанның Оқу-ағарту министрі павлодарлықтардың еңбегін бағалады

Қазақстанның Оқу-ағарту министрі павлодарлықтардың еңбегін бағалады

Алғыс хаттар Астанадағы Тәуелсіздік сарайында табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты республикалық тамыз конференциясында биыл алғаш рет жұмысшы мамандық иелері мен білім беру жүйесімен өзара ықпалдасып жүрген ұйым қызметкерлері марапатталды. Алғыс хатқа ие болғандардың қатарында мектеп пен балабақшалардың техникалық қызметкерлері, полиция қызметкерлері, медицина мамандары, құрылысшылар және басқа да мамандар бар.

1999 жылдан бері Павлодар ауданының №2 Чернорецк орта мектебінде еңбек етіп келе жатқан Айдырбек Нұралинов та марапатталды. Ол бұл білім ордасында алғашында жөндеу жұмыстары бойынша жұмысшы болып қызметін бастаған, қазір мектептің шаруашылық жөніндегі орынбасары лауазымын атқарады. Биыл оның еңбегі министрдің алғыс хатымен бағаланды.

– Менің жұмыс күнім алғашқы қоңырау соғылмай тұрып-ақ басталады, – дейді Айдырбек Нұралинов. – Ең әуелі мектеп аумағын, ғимаратты аралап шығамын, міндетті түрде мектептің «жүрегі» – қазандыққа кіремін. Балалар сабаққа келгенше бәрі сағаттай жұмыс істеуі тиіс. Мектепте жылу да, жарық та болуы қажет.

№2 Чернорецк орта мектебінің директоры Гүлнар Айбенованың айтуынша, оның орынбасары – нағыз кәсіби маман, ол қажет болған жағдайда электрикті де, дәнекерлеушіні де алмастыра алады.

– Ол мектептің әрбір бұрышын біледі, жұмысына жанын салады, – дейді мектеп басшы.

Білім ордасы 2003 жылы пайдалануға берілген. Биыл мұнда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазандық жаңартылды. Мектепте 278 бала оқиды, мектепке дейінгі даярлық сыныптары мен шағын орталық бар.

Айдырбек Нұралиновпен қатар, облыс прокурорының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі аға көмекшісі Асхат Атикеев те министрдің алғыс хатына ие болды. Оның қадағалау органындағы жалпы еңбек өтілі – 6,5 жыл, соның ішінде үш жылдан астам уақытын кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға арнаған.

Еске сала кетейік, ел Президентінің қолынан «Құрмет» орденін №8 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейдің химия пәні мұғалімі Оксана Колдашева алған болатын.