Әнші Тұрар: Павлодардың атмосферасы ерекше ұнайды

Әнші Тұрар:  Павлодардың атмосферасы ерекше ұнайды
Фото: Ольга Бугаева

«Ertis Promenade» сахнасында Конституция күні аталып өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Жаздың соңғы күндерінде ұйымдастырылған бұл шарада камералық хор, Жібек Айтбаева, Наталья Процкая, Алмас Мұқатай, Анель Канатова, Серік Рысбек, «Самиян» және «Табриз» тобы мен «Нұр» би ансамблі өнер көрсетті. Сонымен қатар, Қазақстан эстрада жұлдыздары Тұрар Ыдырыс пен Маржан Арапбаева әндерін шырқап, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Жастардың ғана емес, орта жастағы тыңдармандардың сүйіктісіне айналған Тұрар Павлодардың атмосферасы ұнайтынын атап өтті.

- Павлодар қаласында бұған дейін де бірнеше рет болғанмын. Бұл «Ertis Promenade» сахнасында да бірінші рет өнер көрсетуім емес. Осы сахна шыныменде өзіме ұнайды. Ертістің жағасында, халықтың алдында ән айтқанға не жетсін. Барша павлодарлықтарды айтулы мерекемен құттықтаймын. Отбасыларыңызға табыс тілеймін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - деп әнші Тұрар Ыдырыс ақ тілегін білдірді. 

Әншілерден бөлек, халық арасында танылып, ұлттық аспаптарды насхаттап жүрген домбырашылар Темірлан мен Ернат өнер көрсетті. Олар концертте «Alem», «Amanat» сынды күйлерін ойнап, көрермендермен бірге Мұзафар Әлімбаевтың «Маралдым» әнін домбыраның ырғағына салып шырқады. 

Еске сала кетейік, Темірлан мен Ернат Италия елінде өткен «Open Italy 2023» халықаралық байқауында бас жүлдені иеленді. 

Мерекелік іс-шараның соңы Маржан Арапбаеваның әндерімен аяқталды. Барша өнер көрсеткен өнерпаздар сахна төріне шығып, жаздың соңғы концертін соңғы әнмен аяқтады. 

Айта кету керек, Конституция күні мерекесі тек облыс орталығында ғана емес, басқа қалаларда да атап өтілді. Екібастұзда «Өнер» қалалық мәдениет сарайында «Айбары асқақ,  Ата заң!» атты мерекелік концерт өтті. Ал Ақсуда мәдениет және демалыс саябағында «Ақсу толқыны» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Фото: Ольга Бугаева