Аққулы ауданында жөндеуден кейін мәдениет үйі ашылды
Жамбыл ауылында мәдениет нысаны «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жөндеуден өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Конституция күні қарсаңында мәдениет үйінің салтанатты ашылуына аудан әкімі Руслан Мұқанов қатысты. Мемлекеттік қызметке келген мемлекеттік қызметшілер ант қабылдап, ауданның дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.
Аққулы ауданы мәдениет үйінің басшысы Самат Момынжановтың айтуынша, нысан 1987 жылы салынған. Жөндеу жұмыстарын «Иман» ЖШС жүргізген.
– Бұл мақсатқа бюджеттен 110 миллион теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары сәуір айында басталды. Мәдениет үйінің терезелері мен жылыту, электр жүйесі ауыстырылды, кафель салынды, ғимараттың сырты сайдингпен қапталды. Бірінші және екінші қабаты толығымен жаңартылды. Қоршау орнатылып, алаңға кеспе тастар төселді. Соңғы рет 2011 жылы жартылай күрделі жөндеу жүргізілген, – деді Самат Момынжанов.
Өнер ордасында вокал және би, драма театр үйірмелері жұмыс істейді. Бір әдіскер қызмет етеді. Ауыл жастары ауданның мәдени өміріне белсенді қатысады.
Жамбыл ауылында 1200 адам тұрады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram