Павлодар облысының табиғи орман резерватына қызығушылық артуда
Биыл қаңтар айында «Ертіс орманы» табиғи резерватының құрылғанына 22 жыл толды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Резерваттың жалпы ауданы – 277 961 гектар, оның ішінде орманмен жабылғаны – 194267 гектар. Екі филиалға бөлінген: Шарбақты ауданындағы Шалдай филиалы, Аққулы ауданындағы Бесқарағай филиалы, сондай-ақ 16 орманшылық бар.
– Біздің орман «Ертіс орман жолағы» деп аталады. Себебі, орман алаптары таспа тәрізді шұбатылған қалыпта өсіп, ені 400 метрден 40 шақырымға дейін жетеді. Орман алқабы бірегей реликті орман мәртебесіне ие, – дейді «Ертіс орманы» табиғи резерватының баспасөз қызметкері Арайлым Атығаева.
Резерват аумағында сүтқоректілердің 40 түрі және құстардың 39 түрі мекен етеді. Қорық аумағында бұлан, елік, қасқыр, қоян, түлкі, сілеусін, қарсақ, борсық, тиін, құр, шіл мекендейді.
Еліміздің Қызыл кітабына енген келесі жануарлар мен құстар мекендейді: орман сусары – 100 дарақ, бүркіт – 94 , безгелдек – 147, үкі – 104, ителгі – 86, бұлан – 271 дарақ, сібір елігі – 926 дарақ, сілеусін – 75 дарақ. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл сілеусіндердің 23 дараққа көбейгені байқалады. Борсықтардың саны өткен жылмен салыстырғанда 176 дараққа өсіп, 626-ға жеткен.
2024 жылғы шөпті өсімдіктер мониторингінің қорытындысы бойынша резерват аумағында өсімдіктердің 274 түрі өседі, оның жеті түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Атап айтқанда: көктемгі адонис, ұйқышөп, сары ұйышөп, бұғы кладониясы, селеу, кәдімгі емен, Павлов итмұрыны.
Туристер саны артып келеді
2017 жылы 12 туристік маршруттың паспорты әзірленіп, бекітілген. Ғабдул Уахит хазірет, Мерғалым ата, Шоғман қожа және сары бәйбіше, зиярат ету сипатындағы маршурттар «Ертегіде қонақта», «Өз өлкеңді таны», «Лешканың соқпақ жолы» танымдық туристік маршруттары бар. Басым көпшілігі – зиярат ету сипатындағы туристік маршруттар.
– 2019 жылы Садықащы ауылында «Қарағай алаңы» қонақ үйі ресми түрде ашылды. Мерғалым ауылында Мерғалым ата қонақ үйі қолданысқа енгізілді. Биылғы жылы келушілер саны тоғыз мыңнан астам адамды құрады. Бұған дейін бес-алты мың адам келетін. Келушілердің басым көпшілігі зиярат ету сипатындағы Ғабдул Уахит кесенесіне барады, – дейді Арайлым Атығаева.
Мұнара түсірген бейнежазбалар 30 тәулікке дейін сақталады
Биылғы өрт қауіпті маусымда орман өрттерін ерте анықтау және алдын алу мақсатында тепловизорлары және жоғары сапалы бейнекамералары бар 23 дана мұнара орнатылған. Өртті анықтау бейнебақылау камераларының көмегімен жүзеге асырылады, ол үнемі өз осінің айналасында 360 градусқа айналады және тәулік бойы күндізгі және түнгі уақытта 30 шақырымға дейінгі радиустағы жағдайды түсіреді.
Мұнаралар метеорологиялық мониторинг жүргізетін және найзағайлардың түсуін тіркейтін жүйемен жабдықталған. Аталған жүйе тәулік бойы жұмыс жасағандықтан, тек қана орман өрттерін ғана анықтап қоймай, орман заңнамасын бұзушылықты анықтауға мүмкіндік береді. Мұнара түсірген бейнежазбалар 30 тәулікке дейін сақталады. Биыл орман өрті 77 пайызға, ауданы 99 пайызға азайған.
Резерватта барлығы 202 техника бар: 39 өрт сөндіру машинасы, 85 трактор, оның ішінде 45-і өрт сөндіруге арналған трактор, 14 шағын орман өрт сөндіру кешені, 23 патрульдік автокөлік. 2024 жылы желтоқсан айында жеті Беларус маркалы трактор алынған. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қолдауымен алдағы уақытта жаңа техникалар алу жоспарланған.
Резерватта қандай мамандар тапшы?
Қызметкерлердің штаттық саны 307 адамды құрайды, оның ішінде 285 адам – мемлекеттік инспектор. Сондай-ақ маусымдық жұмыскерлер еңбек етеді. Орташа жас шамасы – 40-45.
Маусымдық жұмыскерлер оның ішінде мұнара бақылаушылары, өрт сөндірушілер, көлік жүргізушілері, трактор жүргізушілері тапшы. Кадрлық жетіспеушілік мәселесін Enbek.kz порталы, жұмыспен қамту орталықтарымен, жергілікті әкімшіліктермен тұрақты түрде жұмыстар жүргізілуде және Торайғыров университеті мен Павлодар мемлекеттік технологиялық колледжімен орман шаруашылығы мамандарын дайындау туралы келісімшарт жасалған.
Айта кетерлігі, резерват аумағында күзет шараларына және биотехниялық іс-шаралардың нәтижесінде жануарлардың саны өсуде. Парктер шеруі экологиялық акциясы бойынша резерват республика көлемінде 3-орын, облыстық көрменің 3-орын иегерлері.