Қазақстанның белді суретшілері Баянауылдың тарихын бейнелейді
Облыста республикалық суретшілер плэнері басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы, суретші, өнертанушы, Қазақстанның классикалык кәсіби көркемсурет өнерінің жарқын өкілі Нағымбек Нұрмұхаммедовтың 100 жылдығы, Н.Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінің 60 жылдығы. Осыған орай киелі Баянауыл жерінде еліміздің беделді және Павлодар облысының жас суретшілерінің басын қосқан ауқымды пленэр ұйымдастырылды.
Астана, Алматы, Орал, Көкшетау, Қарағанды қалаларынан келген талантты 20 шақты суретшіні жинаған «ҚИМАҚ-АРТ» жобасы ата-бабаларымыздың мәдени мұрасын, өнерін және дәстүрлерін, біздің өңірдің тарихын дәріптеуге арналған.
– Баянауыл аймағында бұрынғы кездері үлкен мемлекет болған. Біз «Марғұлан» орталығымен келісіп, олардың қазба жұмыстары орындарына баруды және сол жердің тарихына үңіліп, терең зерттеп, қағаз бетіне түсіруді көздеп отырмыз, – деді облыстық көркемсурет музейінің басшысы Ақертіс Солтанбаев.
Суретші-педагог, БҚО әкімдігі білім басқармасының Сырым аудандық білім беру бөлімінің балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының басшысы Асылбек Сержан жобаға қатысуға келуінің Баянауыл ауданының тарихы мен сол жерден шыққан атақты тұлғалары себеп болғанын атап өтті.
– Менің кумирім – Қаныш Сәтбаев. Осындай жерден шабыт алып, тарихты әсем бейнелеп, басқа суретшілермен тәжірибе алмасып, пленэр күндерін қызықты, пайдалы өткіземіз деген сенімдемін, – дейді оралдық қылқаламшы Асылбек Сержан.
10 күнге созылатын пленэрдің соңғы күнінде облыстық көркемсурет музейінде көрме ұйымдастырылып, түйінделмек. Қатысқан барлық қылқалам шеберлері өздерінің екі жұмысын аталмыш музейге сыйлық ретінде тапсыратын болады.
Айта кетейік, Н.Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінің қорында алты мыңнан астам шығармашылық жәдігер бар.