Павлодарлық құтқарушылар қоян-қолтық күрестен өткен чемпионатта топ жарды

Павлодарлық құтқарушылар қоян-қолтық күрестен өткен чемпионатта топ жарды
Фото: Павлодар облысы ТЖД

Алматыда ҚР Төтенше жағдайлар министрінің кубогына арналған қоян-қолтық күрестен ІІ чемпионат өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Турнир еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік спортшылардың басын қосып, тартысты әрі достық атмосферада өтті.

Бұл додаға Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаментінің намысын сегіз спортшы қорғады. Олар жоғары деңгейдегі дайындықтары мен темірдей тәртіпке негізделген командалық рухын көрсете білді.

– Әсіресе 80 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Герман Ефремов ерекше көзге түсті. Ол қарсыластарымен болған қиын жекпе-жектерде мықтылығын дәлелдеп, үшінші орынға ие болды. Бұл жетістік – кәсіби шеберліктің, төзімділіктің және жігердің айқын көрінісі, – деді департаментте. 

Герман Ефремовтің жеңісі – Павлодар облысы үшін үлкен мақтаныш. Мұндай жарыстарға қатысу министрлік қызметкерлерінің жауынгерлік рухын шыңдап, дене дайындығын арттырып қана қоймай, ұжымдық бірлікті нығайтуға да сеп болады.