Павлодарда қымыз жайлы кітап кішкентай оқырмандарға жол тартты
Жергілікті автор Балжан Дәулетбекова бүлдіршіндерге қазақ тілінде әңгімелер топтамасын ұсынды, деп хабарлайды @Pаvlodarnews.kz тілшісі.
«Бал қымыз», «Зауыттағы бір күн» әңгімелері өңірімізді таныстыру арқылы ұлттық құндылықтарымызды насихаттайды.
Естай атындағы мәдениет сарайында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында көрме ашылды. Көрме Қазақстан Республикасы Конституциясының 29 жылдығына орай өткізіліп жатыр.
Мақсаты – қарапайым азаматтардың әл-ауқатын, өмір сүру деңгейін арттыру, кәсіпкерлерге экспортқа әрі қарай шыға отырып, олардың өнімдерін өткізу, нарықтарын кеңейтуге жәрдемдесу.
Аталмыш көрмеде жасөспірім балаларға арналған кітаптарды қазақ тілінде жазатын автор Балжан Дәулетбекова өз еңбектерімен таныстырды.
– Иллюстрациясы мен мәтіні сәйкес келетін қазақ тілінде кітаптар аз болғандықтан, қаламыз жайында баланың тілімен әңгімелер жазуды ұйғардық. Бұл әңгімелерді балабақшаға, бастауыш мектеп оқушыларына оқуға болады. Кәсібімізді дамытатын болса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді спикер.
Оның айтуынша, кітаптарға сұраныс бар, инстаграм желісінде арнайы жарнама жасалынады. Кітаптардың иллюстрациясы қанық, мәтіндері дұрыс жазылған, филолог Айтмұхамбет Тұрышевтың рецензиясынан өтті. Сонымен қатар, әңгімелерді аудио арқылы тыңдауға болады. Автор бұл іспен 2023 жылдан бері айналысып келеді.
– Балабақша тәрбиешісі қазақ тіліндегі кітаптарды алып келуді өтінді. Сөйтіп, Марвиннің кітап сөрелерін араладық. Бірақ онда қазақ тілінде кітаптар табылмады. Арасында «Бауырсақ», «Үш аю» сияқты аударма ертегілер кездесті. Менің ойымша, онда ұлттық құндылықты насихаттайтын тәрбие жоқ, – дейді спикер.
Оның сөзінше, мәтінді аударған кезде оның мазмұны өзгереді. Кейін қазақ тілінде неге кітаптар жазбасқа деген ой туындады. Павлодар өңірі жайлы бала тіліне лайықталып, әңгіме жазуды шештік.
Кітап логотипінде әңгіме авторы мен иллюстрация авторлары балаларының суреттері бейнеленген. Мәселен, «Бал қымыз» кітабында Баянауыл өңірінде жасалатын қымыз жайлы жазылған. Әжесі баласына сұрақ қою арқылы бал қымыздың қалай жасалатыны жайлы, саумалдың пайдасы туралы әңгімелеген. «Зауыттағы бір күн» әңгімесінде автордың жолдасының жұмысы арқылы әке мен бала арасындағы қарым-қатынас туралы сөз қозғалды. Баланың тілімен «Қазақстан электролиз зауытында» қандай өнімдер жасалатынын, ойын ретінде иллюстрациялар берілді.
– Бұл көп уақытты алмайды. Тек иллюстрация жасап, жергілікті басылымдарда шығару ғана қалды, – дейді Балжан Дәулетбекова.
Алдағы уақытта әңгімелер топтамасын «Marwin» кітап желілері дүкені және «Greenwich» супермаркетінде сату жайлы ұсыныс жасалды. Автордың айтуынша, ұсыныс қабылданды.
– Кітаптарды тиражбен әкелуін өтінді. Әрине, арнайы қаражат керек. Жобадан көмек күтеміз, – дейді әңгімелер авторы.
Айта кетейік, аталмыш көрмеге Павлодар облысы бойынша 25 өндіруші қатысып отыр. Екі апта бойы 10 өндірушіні арнайы оқудан өтеді. Бренд комитеттің шешімімен үш финалист бес миллион көлемінде қайтарымсыз грант алуға мүмкіндік алады.