Павлодар облысында мерекелік іс-шаралар тек жергілікті әртістердің қатысуымен өтеді
Өңірде мерекелерді атап өту бойынша жалпы 1300-ге жуық іс-шара жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан мәлім етті.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде облыс бойынша 450-ден астам іс-шара ұйымдастырылады деп күтілуде. Бұл күні сағат 11:00-де Павлодар қаласы Конституция алаңында, Екібастұз қаласындағы Өнер қалалық мәдениет сарайының алаңында, Ақсу қаласындағы демалыс саябағында және облыстың аудандарындағы мәдениет үйлерінде мерекелік концерттер ұйымдастырылады.
– Елдегі жағдайға байланысты мәдени іс-шараның барлығын жергілікті әртістер мен өнерпаздардың қатысуымен өткізу жоспарланып отыр, - деді Медет Тауасқан.
7 мамыр- Отан қорғаушылар күніне орай 400-ден астам іс-шара өткізіледі деп жоспарлануда. Салтанатты іс-шара облыс әкімінің қатысуымен Естай атындағы мәдениет сарайында 6 мамыр күні сағат 15:00-де басталады. Мәдениет сарайының фойесінде көрме орнатылатын болады. 7 мамыр күні шаһарда сағат 12:00-де орталық мәдениет және демалыс саябағында, Екібастұз қаласында сағат 15:00-де Өнер қалалық мәдениет сарайында, Ақсу қаласында сағат 11:00-де Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында мерекелік концерттер ұйымдастырылады. Оған қоса, сағат 13:00-де Әскери даңқ музейінде Отан қорғаушылар атты ерлік сабағы ұйымдастырылатын болады.
9 мамыр - Жеңіс күніне орай өңірімізде 450-ден астам іс-шара өткізу жоспарлануда. Павлодар облысы бойынша «Ерлікке тағзым» челленджі онлайн форматта өтеді. 9 мамыр күні сағат 10:00-де Даңқ ескерткішінде «Ерлік - елге мұра, ұрпаққа ұран» атты митинг реквиум, сағат 12:00 орталық мәдениет және демалыс саябағында концерттік бағдарлама, сағат 15:00-де Конституция алаңында мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, Екібастұз қаласында 8 мамырда сағат 15:00 Өнер қалалық мәдениет сарайында «Күткен күн» театралды көрінісі, ал 9 мамыр күні сағат 10:00 «Қазақстан алаңында» митинг реквиум өтеді. Ақсу қаласында 9 мамыр күні сағат 10:00 Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында концерттік бағдарлама ұйымдастырылатын болады. Облыстың барлық аудандарында да осы күндері мерекелік шаралар ұйымдастырылады.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов барлық жоспарланған іс-шаралар жоғарғы деңгейде әрі идеологиялық тұрғыда дұрыс өткізілуін және күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды. Оған қоса, қалалар мен аудандардың әкімдеріне барлық ескерткіштер мен нысандарды абаттандыру шараларын жүргізуді ескертті.