Арман болған сәт: павлодарлық саяхатшы туған қаласына велосипедпен оралды
Павлодарлық велосаяхатшы Денис Желнин көп жылдан бері көкейінде жүрген арманын орындады. Ол алғаш рет туған қаласына велосипедпен жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Саяхатшы 1 мамырда Алматы қаласынан Қазақстанды айналып өтетін ауқымды велосапарға шыққан. Жоспар бойынша ол 150 күн ішінде шамамен 10 мың шақырымды еңсермек.
Екі жарым айға жетер-жетпес уақыт ішінде Денис Шығыс Қазақстан өңірін аралап, Өскемен мен Семей қалаларында болды. Кейін туған Павлодарына жетті. Осы уақыт аралығында ол нөсер жаңбыр мен аптап ыстықты бастан өткерді. Сонымен қатар, блогын оқитын жандармен кездесіп, елдің әр өңірі туралы тың әсер жинаған.
Жолда оны полиция қызметкерлері де бірнеше рет тоқтатқан. Бірақ құжат тексеру үшін емес.
«Шығыс Қазақстан облысында мені жол-патрульдік полиция тоқтатты. Олар сапарымның қалай өтіп жатқанын сұрап, жағдайымды біліп, су ұсынып, сәтті жол тіледі», – деді Денис.
Саяхаттағы ең әсерлі сәттің бірі туған қаласына оралу болды.
«Бұған дейінгі барлық сапарымда Павлодардан велосипедпен шығатынмын, бірақ ешқашан осылай қайтып келген емеспін. Үйге пойызбен, ұшақпен, автобуспен немесе көлікпен жететінмін. Соның салдарынан бір нәрсе аяқталмай қалғандай сезім болатын. Мен үшін туған қалаға дәл велосипедпен жету – көптен күткен ерекше сәт. Сырт көзге бұл жай ғана қалаға кіретін жол сияқты көрінуі мүмкін, бірақ мен үшін бұл үлкен қуаныш пен ерекше сезім сыйлады», – деді саяхатшы.
Павлодарда Денис бірнеше күн аялдап, кейін сапарын қайта жалғастырады.
Ол үшін ұзақ қашықтықтағы саяхат бұрыннан өмір салтына айналған. Өткен жылы павлодарлық саяхатшы Эверест базалық лагеріне дейін жалғыз өзі велосипедпен жеткен еді. Бастапқыда бұл сапарды бес айда аяқтауды жоспарлағанымен, жолы бір жарым жылға жуық уақытқа созылып, әлемнің ең биік шыңының етегіне тек 446-күні жетті.
Сол сапар барысында ол Қарақорым тасжолының күрделі асуларын еңсеріп, шекарадан өту мен виза рәсімдеудегі қиындықтарды бастан кешірді. Алғаш рет мұхитты көріп, Эверестке дейінгі таулы бағыттардан өтті. Непалда депортация қаупі мен визалық мерзімді асырып жібергені үшін ірі айыппұл төлеу мәселесіне де тап болды.
Денистің айтуынша, бұған дейін Павлодар–Алматы бағыты, Таулы Алтай, Қырғызстан және Тәжікстанға жасаған сапарлары, Памир тауларымен танысуы – бәрі де үлкен сынақтарға дайындық қана болған.