Павлодарда пәтерге түсетін ұрылар заманауи құралдарды жиі пайдаланады
Бұдан бөлек, сұғанақтар мал мен көлікті де иемденуге әрекет етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мүліктік сипаттағы қылмыстардың алдын алу, оларды ашу және тергеу мәселелері полиция органдары алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 421 ұрлық жасалған.
Ұрлықтардың жалпы санынан 33 пәтер ұрлығы тіркелген. Азаматтардың жеке мүлкін ұрлайтын адамдар пәтерлерге кіру дағдылары мен тәсілдерін үнемі жетілдіріп отырады. Тұрғын үйлерге кіру үшін қылмыскерлер заманауи техниканы, ұялы және радиобайланысты пайдаланады, есіктер мен құлыптау құрылғыларын ашуға арнайы бейімделген құралдарды сатып алады немесе өздері жасайды. Пәтер ұрлығының алдын алу үшін полиция қызметкерлері сенімді есіктер, құлыптар мен дабыл жүйелерін орнатып, сақтық шараларын қабылдауды ұсынады.
— Сондай-ақ биыл өңірде мал ұрлығының 21 фактісі тіркелген. Мал иелеріне малды қараусыз және бақылаусыз жайылымға жібермеуге, мал ұстайтын қора-жайлардағы қауіпсіздікті күшейтуге, қақпалар мен ғимараттардың есіктеріне құлыптар және басқа да сенімді бекіткіш құрылғылар орнатуға кеңес береміз. Үй аумағына ажыратымдылығы жоғары бейнебақылау жүйесін орнату керек, - дейді тәртіп сақшылары.
Бұдан бөлек, 21 павлодарлық автокөлік ұрлау фактілері бойынша полицияға жүгінген. Айта кетерлігі, автокөліктердің ұрлануының басым бөлігі көлік иелерінің өз салғырттығынан болады. Біреулер оталдыру жүйесінде кілтін ұмытып кетсе, енді біреулері терезелер мен есіктерді ашық қалдырады. Осылайша, олар қылмыскердің көлікті айдап кетуіне жағдай жасайды.
Полицейлер автокөлікке ұрлыққа қарсы дабыл жүйесін орнатуға, көлік салонында бағалы заттарды қалдырмауға және автокөлікті күзетілмейтін тұраққа қоймауға кеңес береді.
Сонымен қатар, жыл басына бері автокөлік салондарынан ұрлық жасаудың жиырмадан астам фактісі тіркелген.