Павлодар облысында бір тәулікте он шақты мас жүргізуші құрықталды
Барлық құқық бұзушылар жазаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тек қана бір тәуліктің ішінде тәртіп сақшылары жол қауіпсіздігі саласындағы 524 бұзушылықтың жолын кесті, оның тоғызы мас күйінде көлік жүргізген.
– Сағат 02.30-да Екібастұз қаласында Бауыржан Момышұлы көшесінде медициналық куәландыруға сәйкес мас күйінде болған «Renault Kaptur» маркалы автокөліктің жүргізушісі ұсталды. Ақсу қаласында Астана көшесінде «Ауди-100» автокөлігінің жүргізушісі тоқтатылды. Медициналық куәландыруды жүргізу кезінде жүргізушінің орташа дәрежелі алкогольдік мас күйінде екендігі анықталды, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Руфат Кенжин.
Луганск ауылында жүргізуші мас күйінде мотоцикл жүргізсе, облыс орталығында есірткіге мас жүргізуші «Ауди-80» автокөлігін басқарған.
– Осы бұзушылықтар үшін әрбір жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапқа тартылды. Материалдар сотқа жіберілді. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Сондай-ақ, жедел профилактикалық іс-шара барысында жол жүру ережелерін бұзғаны үшін үш жүргізуші тоқтатылды, тексеру кезінде олардың барлығы бұрын жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. Барлық құқық бұзушылар жазаланды, – деді Руфат Кенжин.
Естеріңізге сала кетейік, «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде полицейлер жол қозғалысының барлық қатысушыларының жол жүру қауіпсіздігін сақтауға ерекше назар аударады.