Ақтоғай ауданында балық аулаған браконьер ұсталды
Олар балықты рұқсат етілмеген мерзімде аулаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, «Уылдырық шашу» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезеңінде барлық балықшылар заң талаптарын сақтай бермейді.
– Мәселен, рейдтік іс-шара өткізу барысында таңғы сағат 04:50 шамасында Жаңатап ауылының маңындағы Ертіс өзені жайылмасында полиция қызметкерлері резеңке қайықты байқаған. Тексеру барысында 40 жастағы жергілікті тұрғынның тыйым салынған уақытта балық аулауға шыққаны анықталды. Сонымен қатар ол Қытай өндірісіндегі тыйым салынған ау құралын пайдаланған. Ұсталған сәтте ол заңсыз түрде табан және буффало балықтарын аулап үлгерген. Оқиға орнынан резеңке қайық, ау және балықтар тәркіленді, - деді Ақтоғай ауданы әкімшілік полициясының бастығы Қуаныш Омаров.
Тәркіленген балық сараптамаға жіберілді. Ал ауыл тұрғынына қатысты балық аулау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік материал толтырылып, шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Айта кетелік, уылдырық шашу кезеңінде тыйым салынған уақытта балық аулау ережелерін бұзғаны үшін заңда қатаң әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Құқық бұзушыларға ірі көлемде айыппұл салынып, жүзу құралдары мен ау құралдары тәркіленуі, тіпті бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Су айдындарындағы рейдтік іс-шаралар тәулік бойы жүргізіледі.